Индонезия жаңа елордасына Астананы үлгі ретінде алып отыр – Жеңіс Қасымбек
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Индонезияның жаңа астанасы Нусантара қаласы Астанаға қарап бой түзеп келеді. Jibek Joly телеарнасына сұхбат берген шаһар басшысы осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Әр қаланың ерекшелігі бар. Астананың да өз артықшылықтары аз емес. Мысалы, біреумен салыстыру мен үшін қиын. Бір әріптесім Сингапурда болған конференциядан маған видео жіберген. Сол жерде Индонезияның жаңа астанасының өкілдері (Нусантара қаласы — ред.) баяндама жасап, „Астананы мысал ретінде алдық, Астана — бізге үлгі“ деп айтып отыр. Жазда осында келіп, екі рет кездескен. Сондықтан „мына қала дұрыс, мынау дұрыс емес“ деп айту қиын. Астананың өз жолы бар, ерекшелігі бар. Көп мәселе шешіледі, болашақта Астана басқа қалаларға үлкен үлгі болады деп ойлаймын», — деді әкім.
Жеңіс Қасымбек елорда әкімі ретінде Шымкент пен Алматыдағы сәтті жобаларды бақылап отыратынын айтып қалды.
«Бізде ондай бәсеке жоқ. Бірақ басқа өңірлерде, оның ішінде Алматыда да не болып жатқанын жақсы білеміз. Мысалы бір жоба нәтижелі болса, Астанада жасауға бола ма деп қараймыз. Шымкентте былай жасап жатыр, біз неге жасамаймыз деп сараптап отырамыз. Астанада құрылыс толық тоқтамаса да, бір күні азаяды. Сол күндерде экономиканың құрылымы қандай болады дегенді ойлауымыз керек. Астанаға келетін туристердің саны көбейіп жатыр», - деді елорда әкімі.