Индонезияда Левотоби Лаки-Лаки жанартауы қайта атқылай бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Шығыс Нуса-Тенгара провинциясында орналасқан Левотоби Лаки-Лаки жанартауы тағы да белсенділік танытты, деп хабарлайды Анадолы.

Индонезияның Геология агенттігінің деректеріне сәйкес, жанартаудан шыққан күл бағаны 18 шақырым биіктікке дейін жетіп, маңайдағы ауылдарды күлмен жауып тастаған. Атқылау алдыңғы күні басталып, алғашында күл бағаны шамамен 10 шақырымға көтерілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Дегенмен, жергілікті билік туристерге қауіпсіздік мақсатында жанартау маңындағы қауіпті аймаққа бармауға кеңес айтты. 18 маусымдағы соңғы атқылаудан кейін қауіп деңгейі ең жоғарғы деңгейге көтеріліп, шектеу аумағы 7 шақырымға дейін кеңейтілген болатын.
1584 метр биіктіктегі Левотоби Лаки-Лаки жанартауы Левотоби Перемпуан жанартаумен бірге «егіз жанартаулар» деп аталады. Олар бір өңірде қатар орналасқан.
Индонезия Тынық мұхитының «отты белдеуі» аталатын сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан, бұл ел аумағында шамамен 130 белсенді жанартау бар. Осыған байланысты Индонезия жанартау саны бойынша әлемдегі ең белсенді елдердің бірі саналады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қарашасында Левотоби Лаки-Лаки жанартауының атқылауы салдарынан тоғыз адам қаза тауып, көптеген тұрғын зардап шеккен еді.
Айта кетелік Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін жанартаулар атқылай бастады.