Индонезияда мұнай танкерінде болған өрттен 10 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Риау провинциясына қарасты Батам аралындағы кеме жөндеу кәсіпорында болған өрт салдарынан кем дегенде 10 адам көз жұмып, тағы 21 адам жарақат алды, деп хабарлайды қытайлық Синьхуа агенттігі.

Қайғылы оқиға сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 04:00 шамасында болған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, өрт «Federal II» атты мұнай танкерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде шыққан. Қаза тапқандардың бәрі – кеме үстінде жұмыс істеп жатқан техникалық қызметкерлер екен.
Бұл туралы аудандық полиция бастығы Раден Бимо Дви Ламбанг хабар таратты. Оның айтуынша, дәл осы танкерде осыдан бірнеше ай бұрын ғана, яғни маусым айында осыған ұқсас өртену оқиғасы болып, төрт жұмысшы жанып кеткен.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары басталып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жергілікті билік қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Еске сала кетейік, Словакияда екі пойыз соқтығысып, 100-ге жуық адам зардап шеккенін жазғанбыз.
Ал 20 күн жүзіп өткеннен кейін Қытайды Еуропамен байланыстыратын Арктиканың контейнерлік бағытымен жүзіп өткен алғашқы кеме Ұлыбританияның шығысындағы Филикстоу портына жетті.