Индонезияда су тасқынынан 442 адам қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Суматра аралында су тасқыны мен көшкін салдарынан қаза тапқандар саны күрт өсіп, 442 адамға жетті, деп хабарлайды ВВС.
Жексенбі таңертең қаза тапқандар саны 300-ге жетті деп есептелген.
Аралда эвакуациялық жұмыстар жалғасып жатыр. Негізгі жолдар жабылып, интернет пен электр қуаты тек ішінара қалпына келтірілді.
Тропикалық дауылдармен күшейген муссондар Оңтүстік-Шығыс Азияда соңғы жылдардағы ең қатты су тасқынын тудырды. Малайзия мен Таиландта жүздеген адам қаза тауып, із-түзсіз жоғалып кетті, аймақ бойынша миллиондаған адам зардап шекті.
Таиландтағы ресми өлім саны қазір 170-ке жетті, Малайзияның солтүстігіндегі Перлис штатында тағы екі адам қайтыс болды.
Шри-Ланкада су тасқыны мен көшкін салдарынан болған ауа райының қолайсыздығынан шамамен 160 адам қаза тапты.
Сирек кездесетін дауыл - «Сеньяр» тропикалық циклоны Индонезияда апатты көшкіндер мен су тасқынын тудырып, үйлерді шайып, мыңдаған ғимаратты су басты.
- Ағыcы өте жылдам болды, бірнеше секунд ішінде су көшелерге жетіп, үйлерге кіріп кетті, - деді Индонезияның Ачех провинциясының тұрғыны Арини Амалия BBC-ге.
Индонезияның төтенше жағдайлар агенттігінің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығы құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр және ондаған мың адам эвакуацияланғанымен, жүздеген адамға әлі де қауіп төніп тұр.
Ең қатты зардап шеккен Тапанули ауданында тұрғындар азық-түлік алу үшін дүкендерді тонаған.
Тұрғындар құтқару жұмыстарын жеделдету және үйлестіруді қамтамасыз ету үшін елден Суматраны ұлттық апат аймағы деп жариялауды талап етіп жатыр.
Таиландтың оңтүстігіндегі Сонгхла провинциясында онжылдықтағы ең қатты су тасқынынан кем дегенде 145 адам қаза тапты, су деңгейі үш метрге көтерілді.
Үкіметтің сенбі күні жарияланған мәліметіне сәйкес, 10 провинцияда 3,8 миллионнан астам адам су тасқынынан зардап шекті.
Хатъяй қаласына өткен аптада бір күнде 335 мм жаңбыр жауды. Бұл – 300 жылда ең қатты жауған жаңбыр. Билік қаза тапқандар саны күрт өскенін мәлімедеді.
AFP агенттігінің хабарлауынша, қалалық ауруханалардың біріндегі жұмысшылар мәйітхана толып кеткендіктен, денелерді тоңазытқыш жүк көліктеріне ауыстыруға мәжбүр болды.
Үкімет жақындарынан айырылған отбасыларға екі миллион батқа дейін (62 000 доллар) өтемақы төлеуді қоса алғанда, көмек шараларын қабылдауға уәде берді.
Көршілес Малайзияда қаза тапқандар саны әлдеқайда аз, бірақ келтірілген залал одан кем емес. Перлис штатының кейбір бөліктерін су басып, ондаған мың адам баспана іздеуге мәжбүр болды.
Шри-Ланкаға «Дитва» циклоны қатты соққы берді, ол апаттарды басқару орталығының мәліметі бойынша кем дегенде 193 адамның өмірін қиып, 200-ден астам адамның із-түзсіз жоғалып кетуіне себеп болды. Үкімет төтенше жағдай жариялады.
Ресми өкілдердің айтуынша, 15 000-нан астам үй қирап, шамамен 78 000 адам уақытша баспаналарға баруға мәжбүр болды. Елдің шамамен үштен бір бөлігі электр қуаты мен сусыз қалды.
Метеорологтердің айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы төтенше ауа райы жағдайы Филиппиндерден өтіп, қазір Вьетнамға қарай жылжып келе жатқан «Кото» тайфунының және Малакка бұғазында пайда болған «Сеньяр»циклонының өзара әрекеттесуінен туындаған болуы мүмкін.
Әдетте маусымнан қыркүйекке дейін созылатын бұл аймақтағы жыл сайынғы муссон маусымында көбінесе нөсер жауын болады.
Жекелеген экстремалды ауа райы оқиғаларын климаттың өзгеруімен байланыстыру қиын болғанымен, ғалымдар бұл жиі және екпінді дауылға, жауын-шашынға, кенеттен су тасқынына және күшті желге әкеліп соғатынын айтады.
Бұған дейін Индонезияның Суматра аймағындағы үш провинцияда болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан қаза тапқандар саны 303 адамға жетіп, тағы 279 тұрғын із-түзсіз кеткенін жазған едік.