Индонезиядағы Ява аралында Семеру жанартауы ояна бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Ява аралының шығыс бөлігінде орналасқан Семеру жанартауы түн ішінде алты рет атқылады. Бұл туралы Antara News агенттігі жазды.
Агенттіктің хабарлауынша, Лумаджанг және Маланг округтерінің шекарасында орналасқан жанартау жергілікті уақыт бойынша 00:26-дан 06:00-ге дейінгі аралықта кратерден 500 метрден 1200 метрге дейінгі биіктікке күл бағандарын атқылаған.
Семеру жанартауын бақылау обсерваториясының өкілі Листвантоның мәлімдеуінше, Индонезияның ұлттық ескерту жүйесіне сәйкес жанартаудың қазіргі қауіптілік деңгейі үшінші деңгей деп бағаланған. Бұл жанартаулық белсенділіктің артқанын және халық үшін біршама қауіп бар екенін білдіреді.
Осыған байланысты билік қатаң шектеулер енгізді: кратерден бес шақырым радиустағы аумақта кез келген қызмет түріне толық тыйым салынды. Бұл жанартаудан тас пен түрлі вулкандық жыныстардың лақтырылу қаупімен байланысты. Сонымен қатар, тұрғындарға жанартаудан 13 километр радиустағы аймақта болудан және шаруашылық қызмет жүргізуден аулақ болу ұсынылды.
Әсіресе өзен арналарына жақын орналасқан аймақтарға ерекше назар аударылып отыр. 13 шақырымдық аймақтан тыс жерлерде де адамдарға өзендерден кемінде 500 метр қашықтықта жүру қатаң түрде ескертілді. Себебі лавалық көшкіндер мен жанартаулық сел тасқындарының (лахарлардың) 17 шақырымға дейін жету қаупі бар.
Семеру жанартауы Бромо–Тенгер–Семеру ұлттық паркінің құрамына кіреді және Ява аралындағы ең белсенді жанартаулардың бірі саналады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ирандағы Тафтан жанартауы 700 мың жылдан кейін «ұйқыдан оянып» келе жатқанын жаздық.