Индонезиядағы көшкін: 60-тан астам адам үйінді астында қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәрсенбіде Индонезияның Сулавеси аралындағы заңсыз алтын өндіріп жатқан кеніш опырылып, бір адам қаза тауып, тағы 60-тан астамы үйінді астында қалған. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Индонезиядағы көшкін: 60-тан астам адам үйінді астында қалды

Табиғи апаттардың салдарын жою ұлттық агенттігінің ресми өкілі Сутопо Нугрохоның айтуынша, қайғылы оқиға Солтүстік Сулавеси провинциясының Болаанг-Монгондоу округінде орналасқан кеніште болған. Көшкін салдарынан алтын өндіретін кеніштің төбесін ұстап тұратын құрылымдар қираған. Кем дегенде бір адам қаза тапқан. Құтқарушылар әзірге үйінді астында қалған адамдардың 13-ін шығарды.

Еске сала кетейік, 27 қаңтарда Орталық Сулавесиде болған су тасқыны кезінде де көшкін болып еді. Сол шқта 68 адамның өмірі қиылып, 47 адам жарақат алған, тағы 3 мыңнан астам жергілікті тұрғын баспанасынан айырылған болатын.

Ал былтыр қыркүйекте болған 7,4 балдық зілзала салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, зардап шеккендер саны 10,6 мыңнан асқан еді.