Индонезиялық өнертапқыш полиэтиленнен жанармай өндіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемді алаңдатқан экологиялық қалдықтардан арылудың жолын индонезиялық өнертапқыш ұсынып отыр. Ол мотоцикліне қажетті жанармайды өзі өндіреді, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Бұл үшін мұнайдың қажеті жоқ, кәдімгі желге ұшқан немесе қоқыста жатқан полиэтилен қалдықтары жетіп жатыр. Хамиди есімді өнертапқыш күніне 25 келі полиэтилен қалдығын қайта өңдейді.
Жас жігіт болашақта тек өзінің мотоциклін ғана емес, бүкіл қала тұрғындарының көлігін осындай отынмен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Бастапқыда мен өз ісімді ашып, жай ғана кәсіппен айналысқым келген. Алайда соңғы уақытта қоқыстың қоршаған ортаға зияны туралы жиі ойлана бастадым. Күндердің күнінде маған табыс көзін пайдалы іске айналдыру ойы келді», дейді өнертапқыш Хамиди.
Джакартада күнделікті 6 мың тонна қоқыс жиналады. Жергілікті коммуналдық мекеме оны шығарып та үлгермейді. Сондықтан билік болашақта бұл іске шетелдік инвесторларды тартуға ниетті.
Ал әзірге Джакарта басшылығы экологиялық жағдайды жақсарту үшін супермаркеттерде полиэтилен пакеттер үшін қосымша ақы алады. Қазір Индонезия теңізді ластайтын елдер қатарында Қытайдан кейін екінші орында тұр.