Индорхоккейден Қазақстан құрамасы Азия кубогынан табысты оралды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Таиландтың Чонбури қаласында индорхоккей (залдағы хоккей) спортынан Азия кубогында еліміздің қыздар және жігіттер құрамасы табысты оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индорхоккейден Қазақстан құрамасы Азия кубогынан табысты оралды

Азия кубогында ел құрамасы сапында қызылордалық спортшылар саны басым болды. Құрама сапында қыздарда Гузал Бахаваддин мен Алиса Чепкасова, жігіттер арасында Нұрхан Сансызбаев, Бақытбек Сəрсенбайұлы жəне Дəулетбек Əлиев сынды саңлақтар ойын көрсетті.

Азия кубогында Қазақстан қыздар құрамасы алтыннан алқа тақты. Екінші орын Таиланд хоккейшілеріне бұйырса, үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді. Жігіттер арасында біздің құрама екінші орын алса, кубок Иран хоккейшілеріне бұйырды. Малайзия құрамасы үздік үштікке тұрақтады.

Айта кетерлігі, екі құрама жартылай финалда Малайзияны орта жолда қалдырды. Олардан қыздар 2:1, жігіттер 4:3 есебімен басым түсті. Қыздар финалда Таиландты тізе бүктірсе, жігіттер Иранға жол беріп қойды.

Алда көгалдағы хоккейден маңызды жарыстар күтіп тұр. Енді 1-10 тамыз аралығында Талдықорғанда еліміздің жазғы спартакиадасы өткізіледі. Ал 31 тамыз - 6 қыркүйекте сол қалада Орталық Азия кубогы жалауын көтереді.

Қызылордада көгалдағы хоккейден «Қайсар» спорт клубы бар. Оған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин жетекшілік етеді.