Индустриалды аймақты салуға кеткен қаржы мемлекетке еселеп қайтпақ

Мерзімінен бұрын іске қосылған жаңа өндіріс орындарының бірі 1 жыл ішінде қазынаға 70 млн теңге салық құйды. Ал 2018 жылдың аяғына дейін 13 жоба іске қосылған жағдайда салық көлемі 7 млрд теңгеге жетпек. Бұл мемлекеттік бюджет қаржысының үштен біріне тең болады.
Индустриалды аймақтағы 40 кəсіпорын жалпы құны 190 млрд теңге болатын жобаларын жүзеге асырады. Оның 13 млрд теңгесі қазір инвестицияланып қойған.
Мемлекеттің инфрақұрылымға бөлген әрбір теңгесіне қайтарым ретінде кәсіпорындар зауыттар салу үшін 9 есе көп қаржы жұмсайтын болады.
«Tokyo Rope», «Asia Steel Pipe Corporation» трансұлттық компаниялар инвестицияларының көлемі 37 млрд теңгеден асады.
Алматыдағы Индустриалдық аймақ қазірдің өзінде резиденттер үшін мультипликативті тиімділік көрсетуде. Мысалы, кәсіпорын ашу барысында 5 000 жұмыс орнын ашуға, шығарылған өнімді ішкі нарықта өткізуге, осы арқылы импорталмастыру мәселесін шешуге болады.
Сонымен қатар кәсіпорындардың басым көпшілігі экспортқа негізделген.
Индустриалды аймақтағы кəсіпорындарға барлық инфрақұрылымдары жүргізілген жер алады әрі инвестициялық келісім негізінде салықтық- кедендік жеңілдік беріледі. Индустриалдық картаның арқасында кәсіпкерлерді қолдау үшін әкімшілік кедергілер азайған және рұқсат құжаттарын әзірлеу мен рәсімдеу жедел жасалады. Осы міндеттерді орындау үшін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тапсырмасы бойынша әр инвесторға қолдау көрсету, түрлі жобаны тез жасау үшін жұмысшы тобы құрылған еді.
Атап өтерлік жайт, мұндай ауқымды жобалардың мақсаты - Алматы агломерациясы аясында өндіріс орындарын қаладан сырт жерге орналастыру. Ал бұл болашақта қаланың орталық аудандарындағы көлік жүктемесін азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады.