Индустрияландыру қандай қуат көзінің есебінен іске асу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі көмірдің мол қорын энергетикалық теңгерімнің бір стратегиялық бөлшегіне айналдыруды тапсырды. Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов бұл межеге жету үшін бүкіл энергетика саясатын тұтастай қайта қарау керектігін айтады.

Мұнай-газ химиясы: Шикізат экспортынан терең өңдеуге дейін
- Қазір Қазақстандағы көмір химиясы бірқатар кедергіге тап болып отыр. Көмір мен энергияның бағасы бойынша ашық және ұзақ мерзімді ойын ережелерінің болмауы, қомақты капиталдың салынбауы, технологиялық құзыреттіліктің болмауы саланы реттеудегі олқылықтарды ушықтыра түсті. Оның үстіне логистика әлі көмір химиясына бейімделмеген, – дейді сарапшы.
Асқар Исмаилов саладағы ойыншыларға субсидиядан бөлек ұзақ ойын ережелері қажет екенін айтып отыр.
- Өңделген көмірге сұраныс болатынына кепілдік болуы, ашық баға формуласы, оффтейк-келісімшарттар, өтелу кезеңіне арналған салық демалыстары, жеңілдікті несиелер мен құрылыс тәуекелдеріне ішінара мемлекеттік кепілдік беру сияқты шаралар болса, көмір химиясына инвестициялар тартылады, – дейді А. Исмаилов.

Сарапшы мұнай-газ химиясына арналған жобаларды экспортқа емес, ішкі нарықтың әлеуметіне қарай жобалау маңызды екенін айтады.
- Полипропилен мен полиэтилен көлемінің көп бөлігін көрші елдерге өзіндік құнына жақын бағамен сатудан сала алға басып кете қоймайды. Керісінше, мұнай-газ химиясын мейлінше тереңдетіп, одан алынатын өнімнің бәрін өзіміз өңдеп тұтынуға талпынуымыз керек. Ал мұндай саясат болмаса, Қазақстан көрші елдердің мұнай-химиясын субсидиялай береді, – деді ол.
Атом энергетикасы
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов 2035 жылға қарай Қазақстанда екі АЭС болуы мүмкін екенін айтады.
- Алғашқы АЭС-тердің орны ретінде оңтүстікпен қоса батысы, басқа да бірнеше аймақ қарастырылып жатыр. Маған салса, әрине, ол стансаларды электр тапшы аймақтарға орналастырар едім. Осы тұрғыдан алғанда елдің батысын қарастыруға болады. Өйткені шығыста дәл ондай тапшылық жоқ, - дейді қауымдастық басшысы.
Сергей Агафонов «Росатом» мен қытайлық CNNC-ге таңдау қалай түскені туралы пайымын да айтты.
- Қазір Қытай шығаратын «Хуалун-1» атты қазіргі заманғы қорғаныс жүйелері бар, 1000 мегаваттық үшінші буын блогі тартымды реактор болып тұр деп айта аламыз. Менің ойымша, ол бізге екінші және үшінші станцияны салу кезінде негізгі нұсқа ретінде ұсынылады, - деді сарапшы.
Айтуынша, 2035 жылға қарай бір станса іске қосылса, ішкі қажеттіліктің 12%-ын бере алады. Ал екі станса қажеттіліктің 17-18%-ына дейін беруі мүмкін.
- Кадр мәселесі де маңызды. Қазір бұл салада 18 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылына 5000 грант бөлінді. Бұл - алғашқы АЭС іске қосылған кезде қажетті мамандар дайын болады деген сөз. Бұл істе Қытаймен, Мажарстанмен және Ресеймен тәжірибе алмасу болады, - дейді энергетика сарапшысы.
Көмір – өміршең қуат көзі
Қазақстандағы көмір қоры 300 жылға жететіні көп айтылып жүр.
- Біздегі көмірден күл көп түседі – 40% дейін. Оны қоршана ортаға зиянын тигізбей жағу үшін байытып қана тұтынуымыз керек. Қазір Еуропаға сондай көмірді экспорттап отырмыз. Салынып жатқан көмір стансаларының бәрі міндетті түрде күл тұтатын технологиямен жабдықталу керек. Ал СО2 тұтатын технологиялар қазір өте қымбат. Жуық арада өзін ақтамағанымен, 10 жылдан кейін бүкіл стансада байытылған көмір жағар едік, – деді ол.
Сергей Агафонов 2035 жылға қарай Қазақстан энергетикасындағы көмірдің үлесі қазіргі 70%-дан 40%-ға дейін азаятынын болжап отыр. Үштен бірінен төмен көлемге біз 10 жылда түспейміз.
Екі сарапшы да индустрияландыру мен экологияны бір-біріне қарсы қойып ойламау маңызды екенін айтады. Қазір қолға алынған энергетикалық жобалардың сипаты, тәсілі, қағидаты әр түрлі болғанымен бәрін тұтас экожүйе ретінде, бір қисынмен, бір стратегиямен қарап, үйлестіру маңызды. Мұнай мен көмірді терең өңдеу, атом генерациясы, жаңартылатын энергия көздері – бәрі бір стратегияның құрамдас бөліктері болу қажет.
- Президент Жолдауы нақты сигнал берді – цифрландыру, реттеуші интеллект және жаңа технологиялық негіз барлық салалық процестерді жеделдетуге тиіс. Қайта өңдеу тұжырымдамасын 2040 жылға дейін қайта қарау керек. Бұл құжаттардың бәрі Қазақстанға мұнай мен көмір химиясын терең индустрияландыру драйверіне айналдыра алатын мүмкіндіктер терезесін ашады, - деп түйіндеді Асқар Исмаилов.
Басқаша айтсақ, жаңа энергетикалық стратегия өңдеу, атом және көмір сияқты үш өлшемді біріктіріп отыр. Оның экономиканың тұрақтылығына қаншалықты тұтқа бола алатыны жауапты органдардың біртұтас стратегия құра алуына байланысты болмақ.
Бұған дейін астаналық ғалымдар ауаға тараған көмірқышқыл газын сіңіріп алатын ерекше батпақ ойлап тапқанын жазған едік.