Индустрияландыру бағдарламасы аясында Павлодар облысында биыл 26 нысан іске қосылады - Елбасы

Бұл туралы бүгін Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде облыстық білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Индустрияландыру бағдарламасына Павлодар облысы белсенді қатысып жатыр. Тек осы жартыжылдықта бұл өңірде 12 жаңа нысан салынатын болады. Жыл соңына дейін 26 нысан пайдалануға беріледі. 8 мың жұмыс орны құрылады. Сөйтіп халықтың әл-ауқаты көтеріледі», деді Президент кездесуде.
Елбасы Павлодар индустриялы облыс, еліміздің қуатты өңірі екенін атап көрсетті. Президенттің айтуынша, 2000 жылдан бастап соңғы 9 жылда облыста жан басына шаққандағы экономика 6,5 есе, өнеркәсіп 4,5 есе өскен. «Біз 2020 жылға қарай өнеркәсіп өнімділігін 1,5 есе, ауылшаруашылық саласының өнімділігін 2 есе өсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін әрбір кәсіпорын, әрбір бизнес жұмыс істеуі тиіс», деді Президент.