Индустрияландыру бағдарламасы: Шымкентте автокөлік аккумуляторларының өндірісі іске қосылды

КЕНТ.  Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Шымкентте  бірегей өндіріс - автокөліктердің  барлық түріне арналған  аккумуляторлық батарея шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл зауыт  «Оңтүстікполиметалл»  өндірістік  комбинаты» акционерлік  қоғамының     жаңа  буындарының бірі.   ҚазАқпарат тілшісі компанияның  президенті   Тұрсынбек  Асамбаевпен өндірістің  алдында тұрған міндеттер  туралы  әңгімелесті.
None
None

  - Тұрсынбек Қанатбекұлы,  телекөпір болған  күні  Сіз   Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевқа  «Оңтүстікполиметалл»  корпорациясындағы жаңалықтар   туралы   әңгімелеп беру мүмкіндігіне ие  болып едіңіз. Біздің  оқырмандарымыз үшін  де  солардың маңызы туралы толығырақ әңгімелей кетсеңіз.

-  Индустрияландырудың  жаңа бағдарламасына байланысты шілденің 3-інде   Елбасының  республика  аймақтарымен тікелей  эфирі   өткен болатын.   Дәл сол  жолы Нұрсұлтан Әбішұлы біздің  өндірісімізбен танысты    және өз қорғасынымыздан   аккумулятор   батареясын     жасай  бастауымыздың  жақсы бастама екенін  атап көрсетті.   Сонымен бірге, біздің батареяларымыздың қалай және қай мақсатта қолданылуына,  қандай елдерге  және   қандай  кәсіпкерлерге  жеткізілетіндігіне байланысты нақты міндеттер қойып еді.

Әңгімені мына   мәселеден  бастағым  келеді: біз  жаңа зауытты  металлургиялық   кластердің  аясында  іске қосып  отырмыз. Руда  өндіруден бастап, руданы өңдеу, қорғасын өндіру, ал қорғасыннан    аккумулятор батареясын жасау - бәрі-бәрі  біздің кәсіпорындарымызда толық  циклда  жүзеге асырылады.   Яғни, батарея  шығару  ісі -  бұл төртінші буын.  Бұл бізге  аталмыш өнімнің  өзіндік  құнын   біршама   арзандатуға мүмкіндік береді.  Себебі, аккумуляторлық  батареяның     өзіндік  құнының   60 пайызын     металдар мен  металл  қоспалары    құрайды.   Біздің  жағдайда,  ол -  қорғасын-кальцийлі  аккумуляторлар, бұл қоспа -  қорғасын, кальций,  алюминий, қалайы   сияқты металдардан  жасалады.   Оған қоса,  аз мөлшерде басқа да металдар   қолданылады.  Дегенмен,   осының барлығы   өнімнің  өзіндік құнының   60 пайызын құрайды. Мен  атап   өткеннің барлығы    - «Оңтүстікполиметалл» корпорациясының  өзінде  өндірілетін  өнімдер   және бұл жайт бізге  батареяның  өзіндік  құнын анағұрлым арзандатуға  мүмкіндік беріп  отыр.

- Байқауымша, Сіздер   бұл  жерде     батареяны ғана  емес,  оның сыртқы  қаптамасын да    шығарады  екенсіздер ғой?

-  Ия, бұл да  маңызды  мәселе.   Біз  моноблоктар өндірісін   жолға қойдық.    Аккумуляторларға арналған  пластик корпустарды  айтамын.     Кез-келген  аккумулятор  зауытында  өзінің моноблок  өндірісі    жоқ.    Ал бұның  ақырғы өнімнің    өзіндік    құнына 10-15 пайыз  әсері бар. Елбасы Қазақстанда  мұнай  химиясын дамыту  міндетін қойып  отырғандай, егер қазір Қазақстанда полипропилен өндірісі басталса, яғни бізде халықаралық стандарттарға сай полипропилен,    полиэтилен өндіруге мүмкіндігіміз болса, біздің өніміміздің   қазақстандық үлесі де арта түсетін еді. Өнімнің сапасы жақсарады да, ал  оның құны  тағы біршама  арзандай түседі. Сондықтан да біз  бүгінде, еуростандартты өнім шығару  мүмкіндігіне иеміз деп толық   сеніммен  айта аламыз. Себебі, зауытта жұмыс істейтін жабдықтар  еуростандартқа сай: таза итальяндық өндіріс, ал автоматика - немістің «Сименс» фирмасының   өндірісі. Сондықтан, осында шығарылатын өнім де жоғары стандарттарға сай  болады.

- Өнімді  нақты қайда сатқалы отырсыздар?   Сіздердің  өнімдеріңізге ықылас танытып  отырғандар бар  ма?

- Кез-келген еуропалық  автокөлік зауыты  біздің   өнімімізді ала алады.  Қазір біз Оңтүстік Кореямен,  Жапониямен, ресейліктермен  келіссөздер жүргізудеміз. Бірінші кезекте - Калугамен   келіссөз жүргізіп   жатырмыз. Онда, Калуга  облысында  ресейліктер 500 мың автокөлік    пен басқа  да техникалардың  өндірісі  үшін  бірнеше  зауыт  салып  жатыр. Осыған  байланысты біз олармен  ынтымақтастық іздестірудеміз. Өзбектің екі компаниясымен жұмыс істеп  жатырмыз, саудиялық   компаниялармен  келіссөз  жүріп жатыр. Олар  салалас кәсіпорындар - олар да аккумулятор  батареяларын   өндіреді,   қорғасын өндіреді.   Сондықтан да оларда өндірілмейтін қорғасын мен  аккумулятор  батареяларын  біздің  тарапымыздан  жеткізу - өзара тиімді.    Ал біз   олардан өзімізде  жоқ  ассортиментті алатын  боламыз,     осының барлығы    бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.  Бұл тізімде   бізбен  ынтымақтастыққа  мүдделі   үлкен  американдық  компания да  бар.  Олар қазір Еуропада  белсенді  жұмыс істеуде  және   өздері   шығаратын  өнімнің санын   100 миллион  бірлікке  жеткізбек ниетте,   және   олар    бірлескен  кәсіпорындар   немесе  жобалар   жасаудың мүмкіндіктерін  іздестіруде.  Міне,  осындай  жұмыстар  жүргізілуде.

Менің  ойымша,   өнімнің сапасы  мен   өзіндік  құнының  арзандығы   бізге бүгінде  Қазақстан нарығын   толық  қамтамасыз   етуге  және  өзге елдердің автокөлік  өнеркәсіптерімен   ынтымақтастыққа шығуға мүмкіндік беріп  отыр.

- Кәсіпорынның   қуаты қандай?

-    Біз жылына 3 миллион бірліктен кем болмайтын деңгейде батарея  өндіру  туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз.   Біздің  қазіргі шамамыз  1,5 миллион бірлік.  Алдағы  екі  жылда    өндірісті 3 миллионға  жеткізгіміз  келеді, ал одан кейін, 2015  жылға қарай, 5 миллион  бірлік  деңгейіне   шығатын  боламыз. Сәйкесінше,    сату  деңгейіне  де    шығуымыз  керек. Оған  мүмкіндік бар, технологияны  зерттедік,    өндірістік алаңдар  дайын. Біз  жетпеген  жабдықтарды  сатып алып,  қосымша желілер  іске  қосатын  боламыз.  Қазір біз   жеңіл көліктерге арналған  әмбебап   аккумулятор    шығарып жатырмыз.   Бірақ,     тапсырыс  болса,     желіні    қуаттырақ,   мысалы КамАЗ-дарға арналған    батареялар  шығаруға   бағыттай аламыз.

-   Заманауи  жабдықтар   - арзан  емес.    Инновациялық жоба корпорацияға  қаншаға түсті?  Шымкент үшін   бейтаныс  ол  техникаларда кімдер жұмыс істеп  жатыр?

- Жабдықтардың  өзі 25  миллион   доллар  тұрады. Тағы 7 миллион  доллар цехтардың  құрылысына және басқа ілеспе  жұмыстарға  кетті.     Мұның барлығы - «Халық  банкінің» несие   қаражаты, біздің арамызда        орнықты ынтымақтастық  баяғыдан жалғасып  келеді. Бізде негізінен   жас мамандар жұмыс істейді, жақсы команда жиналған. Олардың  барлығы  жоғары оқу орындарын жақында тәмамдаған белсенді, сауатты жастар. Олар үшін жаңа жабдықтар өте қызықты. Алғашында біраз тайсақтаған, кейіннен жеткізушілер оларды оқытып, үйретіп,    мән-жайды  түсіндірді, енді олардың талпыныстары  артып  отыр.    Жұмысқа деген ықыластары зор, білімдерін де  тереңдетуден жалығар  емес. Жабдықтар заманауи болғандықтан, көп персоналды  қажет етпейді.  Ауысымда шамамен, 25-30 адам жұмыс істейді. Алдағы айда  біз  жобалық қуатқа шығамыз, сонда 120-ға жуық  адам жұмыс істейтін болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар