Индустрияландыру форумы аясында Қазақмыс Бозшакөл кен орнындағы кен байыту комбинатының құрылысын бастады

Құрылыс орнында дәстүрлі капсула орнатылып, кең ауқымды жобаны бастауға ресми түрде жол берілді. Алғашқы өнім 2015 жылы шығарылатын болады. Бозшакөл жобасына жұмсалатын капиталды шығын шамамен 1,8 млрд.АҚШ долларын құрайтын болады. Кен орнын пайдалану мерзімі 40 жылдан аса уақыт аралығын қамтиды. Оның өнімділігі жылына орта есеппен 75 мың тонна мысты құрамақ. Бұл жобаны іске асыру үшін 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Кен өндіру ісінде бастапқы кезде келесі тау-кен жабдықтары қолданылатын болады: 140 тонналық жүкті өздігінен түсіре алатын 18 мәшине (9 жыл пайдаланылғаннан соң парк 180 тонналық жүкті өздігінен түсіре алатын мәшинелермен жаңартылатын болады), жарылғыш ұңғымаларға арналған 4 бұрғылаушы қондырғы, шынжыртабанды және дөңгелекті бульдозерлер. Сульфидті кендерді өңдеу кезінде мыс өндірісінде қолданылатын бірден-бір ең ірі машиналар пайдаланылатын болады. Карьерлерді биіктігі 10 метрлік кертпештер түрінде өңдеу көзделіп отыр. Оларды әрқайсысының салмағы 350 тонна, ал шөмішінің көлемі 19 текше метрді құрайтын электр өткізгіш төрт гидравликалық экскаватор өңдейтін болады. 2013 жылы үгіткіштер мен олардың редукторсыз тартпасы құрастырылады.
«Қазақмыс тобы бүгін өзінің әлемдік деңгейдегі ең ірі жобасын бастап отыр. Үш жыл бойы жүргізілген құрылыс жұмысының нәтижесінде біз қазіргі мыс өндірісінің шамамен үштен бірін тек Бозшакөлдің өзінен-ақ өндіре алатын боламыз. Тау-кен индустриясындағы озық технологияларды қолдана отырып, Бозшакөл кешенін салу - бұл тау-кен металлургия кешенін дамытуға қосылған қомақты үлес», - деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай.