Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалардың кемінде 10-ы осы жылы жобалық қуатына шығуы тиіс - Ә.Исекешев

Бұл туралы бүгін Тараз қаласына сапар жасаған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ә.Исекешев өңірдің бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралап, жаңа жобалармен танысты. Атап айтқанда, министрге «Super Pharm» ЖШС-ның медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауыттың жұмысы көрсетілді Кәсіпорын өткен жылдың соңында іске қосылған, тоқыма емес негізде арнайы киім мен іш киім шығарады. Өндірістің іске қосылу сәтінен бастап 177,6 млн. теңгенің өнімі (қуаттылықты игеру 68%) шығарылды.
Сондай-ақ Әсет Исекешевке «Қазфосат» компаниясының жаңа жобалары егжей-тегжейлі көрсетілді. Осы жылы кәсіпорын жылына 4 мың тонна натрий гексаметафосфатының және азық-түлік фосфаттарының өндірісін іске қосуды жоспарлауда. Толық қуатына шығу кезінде еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 27 млн. теңгені құрайды.
Тараз металлургия зауытында Әсет Исекешев ферросиликомарганец өндірісімен танысты. Жоба 2010 жылы іске қосылған, 300 тұрақты жұмыс орны құрылған. Толық қуатына шығу кезінде (жылына 120 мың тонна) еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 10,4 млн. теңгені құрайды.
Министр сондай-ақ, электр металлургия зауытын салудың жобасы іске асырылатын «Запчасть» АҚ-ға барды. Мұнда қара металлдар сынықтарынан прокат өнімін шығару жоспарлануда. Толық қуатына шығу кезінде еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 14 млн. теңгені құрайды.
Облыста электр энергетикасы саласында да маңызды жобалар іске асырылуда. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жұмыс тобы «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-да болды, онда электр және жылу энергиясын когенерациялық өндіру жөніндегі жөндеу және жаңғырту жобасымен танысты, сондай-ақ, электр энергиясын есепке алуды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін (ЭЕБАЖ) енгізумен айланысатын «ЖамбылЖарықСауда» ЖШС-ны аралап көрді.
Индустрияландыру картасының жобалары туралы айта отырып, Әсет Исекешев, пайдалануға берілген барлық өндірістер толық қуатында жұмыс істеуі керектігін ескертті.
«Бұл үшін қолдаудың барлық тетіктерін - салалық бағдарламаларды, мемлекеттік тапсырысты іске қосу қажет. Өте пәрменді тетік - қазақстандық қамту, экспортты қолдау» - деді министр.