Индустрияландыру картасы Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызды құрамдауышы - Ә. Исекешев
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі инвестициялық қызметтерді мемлекеттің үйлестіруі төтенше маңызды. Мұндай жүйені құрудағы бастапқы буын қазіргі таңда әзірленіп жатқан Өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру схемасы болады. Бұл ең алдымен мемлекетке бизнеспен бірлесіп дұрыс инвестициялық шешімдерді дайындауға мүмкіндік береді, екіншіден жеке сектордың жобаларын өзара үйлесімде жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
«Мәселен, бірқатар энергоқамтымды жобалар қажетті энергетикалық қуаттары жоқ өңірлерге орналастырылған, мемлекетке немесе бизнеске инфрақұрылымның жобасын инвестициялауға тура келеді, тұтастай алғанда мұндай жоба экономика үшін тиімсіз», деді министр.
Ә. Исекешев көліктік инфрақұрылымның қол жетімділігі бірқатар жобалар үшін проблемалы болуы мүмкін екенін де атап өтті.
«Осылайша, Өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру схемасы дегеніміз - бұл салалардың, инфрақұрылымдардың және ресурстық базаның теңгерімді дамуы туралы құжат», деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, оған отын-энергетикалық ресурстарының болжамдық баланстары; минералдық-шикізаттық базаның, жер және су ресурстарының дамуының болжамдық балансы; еңбек ресурстарының болжамдық балансы; құбыр жолы, теміржол, автожол, теңіз және әуе көлігі инфрақұрылымдары дамуының нақтыланған жоспарлары; арнайы экономикалық аймақтардың, индустриялық аймақтардың ұзақ мерзімді даму жоспарлары; сондай-ақ қазіргі өндірістік қуаттардың орналасу картасы кіреді. Кейінірек бұған салалық шеберлік жоспарлары және Қазақстанның индустрияландыру картасы енгізіледі. Бұл ақпараттардың бәрі бизнес үшін қол жетімді болады.
«Индустрияландыру картасы - бұл жаңадан салынып жатқан немесе жоспарланып отырған өндірістік қуаттардың тізімі. Бұл ретте карта сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын көрсету арқылы мониторингтеу мен басқару құралы болады», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Индустрияландыру картасына құны 50 млн. АҚШ доллардан асатын тек қана республикалық маңыздағы ғана емес, сонымен қатар құны 50 млн. доллардан төмен өңірлік маңыздағы жобалар да енгізіледі. Картаға жобалар біртіндеп енгізілетін болады.