Индустрияландыру күні аясында 15 млрд. теңгені құрайтын келісімшарттар мен меморандум жасалады - А. Рау

Бүгін елордада өтіп жатқан Индустриялық форум аясындағы «Қазақстандық қамту-2012» форумын ашқан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осылай мәлім етті.
«Қазақстанда жаңа өнімдерді, жаңа кәсіпорындар мен өндірісті дамыту барысында орнықты сұранысты қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды рөл атқарады. Бұл әсіресе машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика саласы секілді бағыттарда, оның ішінде біздің импортқа тәуелді тұсымызда аса өзекті. Бұл ең алдымен машина жасау саласына қатысты. Өйткені, бүгінгі күні еліміздің 40 пайыз импорты машина жасау өнімдері болып табылады», - деді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау.
Оның айтуынша, бүгінгі күні жүзеге асып жатқан жобалардың барлығы бәсекеге қабілетті, экспорттық әлеуеті зор саналатын нысандар болмақ. Дегенмен, ондай нысандар үшін бастапқы қалыптасу кезеңінде орнықты сұраныстың болғаны маңызды. Бұл ең алдымен еліміздің ұлттық компаниялары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ кіретін компаниялары және жүйе құрушы кәсіпорындары тарапынан қамтылуы тиіс шара.
«Сондықтан да, бүгінгі Индустрияландыру күні қарсаңында еліміздің әрбір өңірлерінде осыған ұқсас шаралар өтті. Онда өңірлік жобалар жетістігі көрсетіліп, қазақстандық қамту мәселесіне, отандық өндірісшіні қолдауға арналған шаралар талқыланды. Осыған орай, шара аясында 50-ге тарта келісімшарттар мен меморандумдар жасалады деп күтілуде. Бұлар шамамен 15 млрд. теңгені құрайтын болады», - деді А. Рау.