Индустрияландыру мен реформалау саясаты ДСҰ аясындағы Қазақстанның қарымын қатайта түседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маусымның 22-інде аяқталған келіссөздің нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылданды. Кейіннен 27 шілдеде Женева қаласында өткен, ДСҰ-ның Бас кеңесінің 161 мүше елдер өкілдері қатысқан отырыста Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұйымның бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы хаттамаға қол қойды. Ендігі жоспар бойынша Қазақстан Парламенті 31 қазанға дейін осы ДСҰ-ға кіру туралы хаттаманы ратификациялайды. Ратификациядан кейін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша 30 күндік есеп кезеңі басталады. Сосын Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші толыққанды мүшесі болғаны туралы хабарлама Кенияның астанасы - Найроби қаласында өтетін халықаралық конференцияда жарияланады деп күтілуде. Сөйтіп, ДСҰ толыққанды мүшелігіне азғантай ішкі ресми рәсімдеу қадамдары ғана қалды. Ендеше ДСҰ өткеннен кейінгі ахуал қандай болмақ? Бүгінгі жұртшылықты алаңдататыны да осы мәселе.
None
None

Айта кетерлігі, бұған дейін де хабарланғанындай Қазақстанның ДСҰ аясындағы келіссөзі он тоғыз жылға жалғасып, ең ұзақ үдеріс ретінде белгіленіп отыр. Бұл ретте ұлттық мүдде, яғни ішкі позицияны қорғау ерекше назарда болғаны анық. Мәселен, келіссөздердегі ең басты жеңісі ретінде - Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеннен кейін мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауын 8,5 пайызға жеткізу құқығын қорғап шыққанын айтуға болады.

Жалпы, ДСҰ аясындағы келіссөздердің еш оңай болмағаны белгілі. Бұл ретте қайсыбір елмен келісімге келу үшін кейбір позицияларды төмендетіп, кейбірін жоғарылатуға да тура келгені түсінікті. Мәселен, келіссөздер барысында түрлі өнім санаттарына кеден­дік тарифтерді талқылау мейлінше тартысты өткен екен. Бұл ретте еліміздегі өндірісі қарымды тауарлар бойынша мүдделерді мейлінше қорғап бағуға тура келгені анық. Мысалы, әлемдегі ең ірі қант жеткізушілердің бірі Кубамен келіссөз жүргізу барысында Қазақстан отандық өндірушілердің мүддесін қорғау үшін осы тауарға жоғары тарифтер туралы келісіп, Куба тарапының ромы мен темекісіне баждарды төмендетуге келісілген. Осылайша, Қазақстанның негізгі экспорттық тармақтары бойынша осындай уағдаластықтарға қол жеткізілді. Есесіне өзімізде өндірілмейтін салалар үшін біршама бейтарап кедендік баждар айқындалған. Мәселен, елімізде өндіру мүмкін болмайтын өнімдерге, мұхит және теңіз балығы, тропикалық жемістер және осы секілді басқа да тауарларға неғұрлым төмен тарифтердің арқасында стратегиялық маңызды өнімдер - көмірсутектер, металдар, бидай бойынша мөлшерлемелерді көтеру мүмкін болған.

Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Жанель Күшікованың сөзіне қарағанда, ДСҰ аясында Қазақстанда экс­порттық баж шағын тізбедегі та­уарлар түрлеріне енгізілген, соның ішінде терілерге, үй жануар­ларының терілеріне, қара және түсті металдар сынығына, мұнай және мұнай өнімдеріне енгізіліп отыр. Мұнда баж салығы реттеуші құралын атқаратын болады. Осы арқылы ішкі нарық отандық өндірушілер үшін қажетті деңгейдегі шикізатпен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мұнай мен мұнай өнімдеріне экспорттық баж бюджетті толықтырады. «Жалпы Еуропалық одақ экспорттық баждарды алып тас­тау саясатын ұстанады. Деген­мен, Еуропалық одақпен сал­мақты жүргізілген келіссөздер нәтижесінде біз бүгін қолданылып жүрген тізбедегінің бәріне дерлік экспорттық бажды қолдану мүмкіндігін сақтап қалдық. Ал тауарлардың басқа түрлеріне экспорттық кедендік баж салығын қолдану бойынша шешімдер тек ДСҰ мүшелерімен келісілгеннен соң ғана мүмкін болады. Мәселен, мұнай мен мұнай өнімдеріне келетін болсақ, біз бұл ретте кедендік баждарды ресейлік форма бойынша есептеу мүмкіндігін де қарастырдық. Әлемдік конъюнктура мен мұнай бағасының құлдырауына қатысты біз бүгінгі күні экспорттық бажға біршама төменгі ставканы қолданып келеміз. Егер әлемдік нарықта мұнай бағасы көтерілетін болса, онда біз бюджетке кірісті арттыру үшін оны да көтере алатын боламыз»,- дейді департамент басшысы Жанель Күшікова.

Тоқтала кететін тағы бір жайт - Дүниежүзілік сау­да ұйымы аясында Қазақстан автокөліктерге кедендік бажды төмендететін болады. «Ал бұның автокөлік бағасына қалай әсер ететіні әзірше белгісіз, оны сол тұста нарықтың өзі реттейтін болады», - деп пайымдайды Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаменті директоры. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда автоөндіріс саласы енді ғана жанданып келе жатқан тұста ДСҰ аясында көліктердің импорттық кедендік бажы бойынша келіссөздер аяқталып кеткен болатын. «Еліміздегі жеңіл автокөліктер өндірісі 2010 жылы біз бірыңғай кедендік тарифті 30 пайыз және импорттық бажды одан да жоғары мөлшерге бекіткен кезде қуатты серпіліс алған еді. Сосын ол тұста Еуропа елдері, АҚШ пен Жапония өздерінің нарығын тазарту үшін үшінші елдерге мінілген ескі көліктерді қаптата бастады. Міне, біз елімізге осындай ескі, мінілген көліктерді әкелуге мүлдем тыйым салған едік. Бұл бір жағынан отандық өндірістің жандануына да оң әсер етті. Бір ескеретіні, сол кезде ДСҰ аясында бұл нарыққа қатысты келіссөздер аяқталып, біз оны қайта бастай алмайтын болғанбыз», - деп түсіндірді Жанель Күшікова. Тоқтала кететін мәселе, автокөлік саласы бойынша баж салығы кедендік құнының 15-20 пайызы мөлшерінде қамтылады екен. Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, бұл Қазақстанның отандық автокөлік өндірісін дамыту үшін жеткіліксіз деңгей. «Дегенмен, осы жылдар ішінде біз техникалық реттеу жүйелерін, түрлі стандарттарды реформалай алдық. Соған сәйкес, Кеден одағы аясында техникалық регламентке сай келмейтін көліктер мен автокөліктер Қазақстанға импорттала алмайтын болады. Осы арқылы біз өзіміздің тауар өндірушілерімізге қорғаныс тетігін жасайтын боламыз. Ал жалпылама келсек, отан­дық өндірісті қорғау бойынша кешенді шаралар қазір әзірле­ну үстінде. Бұл ретте ескі автокө­ліктерді нарыққа қаптатпас үшін салықтық жеңілдіктер, басқа да шектеу шаралары қолданылмақ», - дейді Жанель Күшікова.

Түйіндей айтсақ, ДСҰ қазақстандық бизнес үшін оңай болмағанымен, сауатты саясат ұстанса, алып ұйымнан ойып тұрып орын алатын тұстар да жеткілікті. Ең бастысы, бұған мемлекеттік қолдау да, арнайы кешендік шаралар да жоқ емес. Мәселен, бұған дейін индустрияландырудың бесжылдығы жүзеге асты. Нәтижесінде экспортталатын тауарлар түрі кеңіді. Ендеше, әлемдік сауданың олқы тұсы, қашанда толықтыруды қажет ететін бөлігі болатыны даусыз деген сөз. Яғни, Индустрияландыру саясаты мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында отандық кәсіпкерлікті әлі де шыңдап, позицияларды берік ете түсуге мүмкіндік мол. Екіншіден, бүгінгі таңда Елбасы айқындаған реформалар қалың жұртшылық тарапынан ғана емес, шетелдік сарапшылар тарапынан да қолдау тауып келеді. Бұл ретте Президенттің өзі: «Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар» деген болатын.

Тұтастай алғанда, Қазақстан ДСҰ-ға дайындықсыз кіріп отырған жоқ. Керісінше, біздің еліміз жа­һан­дық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өтті. Кедендік одақ аясында ортақ нарықта бәсекелестіктің қалай болатынын сездік. Ақыр аяғы мемлекет тарапынан жылдар бойы отандық өндірушілерге қолдау көрсетіліп, үкімет бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасаудан бас тартқан емес. Ендеше жаһандық экономикадағы бәсекелестікке белсенді араласуға бекініп, одан бас тартыншақтай беруге де болмайтынын түсінетін кез жеткен тәрізді. Мұның сыртында ДСҰ-ның Қазақстан үшін әлем елдерінің барлығымен қолайлы сауда режімін қалыптастыратынын, инвестициялар тартуға септігін тигізетінін, тұтастай алғанда дүниежүзілік нарыққа шығудағы мұқтаждығымыз азаятынын да ескерген орынды болмақ. Ең бастысы бұндай жағымды құбылыстарды өзімізге тиімді етіп пайдалана білу маңызды бола түспек.

Соңғы жаңалықтар