Индустрияландырудың басты нысаны - жұмыссыздықты өршітпеу
Әлем елдері жұмыссыздықты күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге шығарған болса, индустрияландырудың арқасында Қазақстанда құрылған жұмыс орындары ел игілігіне айналып отыр.
Тұтастай алғанда, бесжылдық индустрияландыру нәтижесінде қазақстандық экономика құрылымында маңызды қадамдар орын алды десе де болады. Бұны бірқатар мысалдардан нақты айқындауға болады. Мәселен, осы алғашқы бесжылдықта қазақстандық экономикада өңдеуші өнеркәсіптің өсім қарқыны дәстүрлі өндіру саласынан асатын деңгейге тұңғыш рет жетіп отыр. Бұл туралы Елбасы былтырғы жылдың желтоқсан айындағы Индустрияландыру күніне орай өткен жалпыұлттық телекөпірде былай деген болатын: «Өткен бес жыл ішіндегі индустрияландырудың сипаты бәрімізге айқын. Біз әруақытта Қазақстан бай, жер қойнауында темір де, көмір де, мұнай да, газ да, алтын, күміс, мырыш та бар деп жүрдік. Алайда, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты. Неше жылдардан бері мен осыны айтып келдім, ал қазір біз сыртта жасап жатқан байлықты елімізге әкелуге бет бұрдық».
Ал Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығының нәтижелеріне келсек, 2010-2014 жылдар аралығында Қазақстанда бұрын мүлдем өндірілмеген мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. Ал өңдеуші секторда Қазақстан Тәуелсіздігінен бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызын Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында алды. Тұтастай алғанда бес жыл ішінде Индустрияландыру картасында 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жоғары білікті, лайықты еңбекақы мен жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал осының арқасында өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асты.
Қазақстанда бұрын шығарылмаған демекші, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Айталық, осы жылдар ішінде машина жасау саласында теміржол вагондарын шығару 10 есеге, дизельдік локомотивтер 2,5 есеге артты, отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейді. Мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өскен. Индустрияландыру инфрақұрылым базасының кеңеюіне де өзінің ықпалын тигізді: 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым теміржолдар салынды.
Индустрияландыру саясаты экономиканың ілкімді секторы құрылыс саласына да тың серпін берді. Мәселен, осы жылдар ішінде Қазақстанда отандық құрылыс материалдарын шығару көрсеткіші 2 есеге артқан. 2010 жылы Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдары 15 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 80 пайызға жетіп отыр. Тұтастай алғанда, индустрияландыру саясаты арқасында Қазақстанда негізінен өзін-өзі қажетті тұрғыда қамти алатын түрлі салаларда өндіріс дами түсті. Соның ішінде, ауыл шаруашылығында 2010 жылмен салыстырғанда ірі қара мал басының саны 50 пайызға артты, өнеркәсіп жылыжайларының алаңы осы жылдар ішінде 3 есеге өсті. Соның ішінде Қазақстан азық-түліктің негізгі түрлерімен етпен, сүтпен, нан өнімдерімен, жеміс-жидектермен өзімізді толық қамтитын дәрежеге жетті. Сондықтан да, Елбасы айтпақшы: «Елімізге ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Өзіміз-ақ өмір сүре аламыз. Міне, бұл - біздің тәуелсіздігіміздің басты қағидаты. Осы негізгі көрсеткіштер бұдан әрі орнықтылана түссе, бізге еш алаңдаудың қажеті болмай қалады». Яғни, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы дербес дамудың алғышарттарын қалыптастырды.
Дегенмен, дүниедегі дағдарыс әлі де жалғасу үстінде. Ал бұл дағдарысты лайықты еңсеру үшін әлі де бірінші кезекте тұтыну тауарларының барлығын елімізде толығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені, импортқа тәуелді болмау, елдің экономикасын одан сайын тәуелсіз ете түседі. Елбасы Н. Назарбаев индустрияландырудың екінші кезеңіне қатысты тапсырма жүктеген тұста да осы мәселелерді меңзеген болатын. «Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына -бұл индустрия мен инновация. Бұл ретте ғылымды өндіріспен ұштастырып, инновацияға ие болу маңызды. Сонда ғана біз мақсатымызға жететін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен индустрияландырудың екінші бесжылдық кезеңінде шешілетін маңызды міндеттерге келсек, онда Елбасы ең бірінші кезекте аталған саясат аясында жұмыссыздық мәселесін ұтымды шешуді алға тартады. «Жер жүзінде 7 млрд. адам тұратынын білеміз, ал соның ішінде 15 жастан жоғары, жұмысқа қабілетті адамдар саны 5 млрд. адамды құрайды. Ал Жер бетінде ашылып жатқан тек 1,5 млрд. жұмыс орны бар. Ендеше, қалғаны уақытша жұмыс орындарында жүр немесе жұмыс іздеп жүр деген сөз. Бүкіл әлем қазір ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жойғысы келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Жер бетіндегі адамдардың басым көпшілігі лайықты жұмыстың, лайықты жалақының болуын тілейді екен», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте, Елбасы жақсы жұмыс миллиондаған адамдар өміріндегі әлеуметтік лифт болып табылатынын атап өтті. Яғни, Президенттің айтуынша, жаңа, өнімді жұмыс орындарын көбірек аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді. Сосын жұмыс орындарын ашуда шағын және орта бизнеске түсер салмақ маңызды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керектігін айтқан еді. «Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық өсім дегеніміз - жұмыс орындарының өнімділігін көтеру», - деп түйіндейді Мемлекет басшысы.
Тұтастай алғанда, Президент индустрияландырудың екінші кезеңінде экономика саласында өршіл міндеттерді жүзеге асыруды алға тартады. Соның ішінде, 2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қамтамасыз етуі қажет, республикада жаңа өңдеуші кәсіпорындар құрылуы қажет. «Сірә, бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын және мұнай-газ саласының бірнеше ірі кәсіпорнын салу қажет болар. Қымбатқа түсетіндігіне қарамастан, олар химия өнімінің барлық бағытын қамтып, газдан дәрі-дәрмекке, киімнен полиэтиленге дейінгінің бәрін шығаруы керек. Сондай-ақ, Қазақстанда бүкіл әлемге қажет кабель өнімінің толық циклін қамтитын жаңа мыс қорыту комбинатын салуға тырысу керек. Жалпы алғанда, шаруа көп, индустрия осы жолмен жүруге тиіс. Үкімет алдына қоятын міндетім - жаңа 5 өңдеу зауытын салу үшін Қазақстанға ең кемі 5 ірі трансұлттық корпорацияны тарту», - дейді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.