Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басымдығы бар алты сала бойынша жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған Индустрияландыру күніне қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін мәлімдеді.
None
None

Таратып айтар болсақ, екінші бесжылдыққа басымдығы бар алты сала анықталды, олар - мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр.

Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалуда. Жүйе құраушы бірқатар ірі жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, «Рено-Ниссан» альянсымен бірлесіп, толық циклды автозауыттың және автоқұрамдауыштар шығаратын технопарктің құрылысын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, Италияның «Тенарис» компаниясы премиум санатты құбыр өндіретін зауытқа инвестиция салады. Ағылшындық «Дандо Дрилингпен» бірлесіп, бұрғылаушы қондырғылар өндіретін зауыт іске қосылады. Ресейлік «Еврохим» минералдық тығайтқыштар өндіруді жоспарлап отыр. Канаданың «Куду Индастриз» компаниясы мұнай-газ саласына арналған винтті-сорғылар өндірісін жолға қоюды көздеуде. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық аясында қытайлық серіктестермен жобалардың үлкен бір тобы жүзеге асырылуда. Әрине, бұл индустрияландырудың екінші бесжылдығына құрылып отырған жоспарлардың бір парасы ғана. Дегенмен олар толығымен іске асатын болса, еліміздің экономикасына едәуір серпін берері анық.

Мемлекет басшысының пікірінше, индустрияландыру бағдарламасы Қазақстан-2050 стратегиясының орындалуына бағытталған бүкіл мемлекеттік саясаттың өзегі. Қазақстан үшін жаңа сала - мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамытудың маңыздылығы да айтарлықтай. Осы салаларда Қазақстан жаһандық ойыншылармен бірге бірнеше ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау сияқты секторларда отандық бизнесті дамытып, бәсекеге қабілетті өнім жасау және сыртқы нарықтарға шығу үшін зор әлеует бар.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, индустрияландырудың екiншi бесжылдығы индустрияны инновациялық дамытуға бағытталған. Сондықтан екiншi бесжылдықтың негiзгi мақсаты - инновациялық экономикаға көшудiң негiзiн құру арқылы өнiмдiлiк өсiмiн қамтамасыз ету. Осыған орай, Үкімет 2020 жылға қарай инновациялық белсендi кәсiпорындар үлесiн 20%-ға дейiн, яғни 2 есе арттыруды жоспарлаған. Инновациялық өнiмнiң ЖIӨ ішіндегі үлесiнiң ұлғаюы 2,5%-ға жетеді деп болжанып отыр.

Соңғы жаңалықтар