Индустрияландырудың келесі бесжылдығы бірқатар өңдеуші салада нақты міндеттерді шешуі керек

Айталық, бағдарлама қолға алынған 2010-2013 жылдар аралығында елімізде жүзеге асып жатқан Индустрияландыру картасы бойынша 600-ден астам жоба пайдалануға берілді. Олардың ішінде ағымдағы жылы іске қосылғандарының саны 125-ке жетіп отыр. Бұдан бөлек, Индустрияландыру картасының 60-тан астам кәсіпорындары өз өнімін экспортқа шығара бастаған. Шетелдік нарыққа 126 млрд. теңгенің өнімі жіберілген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысушы-кәсіпорындар 2 трлн. 500 млрд. теңгеге өнім өндіріпті. Ең бастысы Индустрияландыру картасының нысандарында 50 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Осының өзі ғана мемлекеттік бағдарламаның нақты экономикадағы көрінісін айғақтаса керек.
Ендігі басты міндет - Индустрияландырудың екінші бесжылдығына қамдану. Бұл бағытта нені басты назарда ұстау керектігін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптадағы Индустрияландыру күні аясында айқындап, ол бойынша Үкіметке қадау-қадау тапсырма жүктеген болатын. «Біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап келеміз. Өткен төрт жылда 600-ден астам жаңа жобалар іске қосылды. 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұрын елімізде мүлдем болмаған өндіріс пен тауарлар іске қосылды. Біз әлемнің 30 дамыған елдің арасына кіруге меже белгілеп отырмыз. Ендеше бұл ең басты табыстарымыздың бірі болмақ», - деді Елбасы Н. Назарбаев. Бұл ретте Мемлекет басшысы алдағы міндеттер ретінде технологиялық бағытта дамып, озған елдермен бәсекеге түсетіндігімізді алға тартты. Мемлекет басшысы сонымен қатар, жалпы еліміздің индустрияландыру ісінде бастама жақсы басталғанын, қазіргі таңда индустрияландырудың екінші бесжылдық кезеңін қалыптастыру жұмыстары қолға алынғанына назар аударды. Соған орай, Н. Назарбаев бірінші бесжылдық тәжірибесін ескере отырып, индустрияландырудың алдағы қадамдары нақты есептеліп, екшелген болуы керектігін жеткізді. «Екінші бесжылдықтың міндеттерін, жоспарларын даярлау барысында сапаға, тиімділікке, жобалардың бір-бірімен байланыстылығына баса мән беруге тиіспіз. Үкіметтің ішкі, сыртқы және мемлекеттік инвестиция тартудағы нақты жоспарлары болуы шарт. Соның ішінде индустрияландыру бағдарламасының келесі бесжылдығы бірқатар өңдеуші саланың нақты міндеттерін шешуі керек», - деді Елбасы. Бұл ретте Елбасы елдің алдағы дамуына тоқтала келе, ендігі міндет аясында шикізат экспортынан гөрі, оны ел ішінде дайын өнімге дейін айналдыру мәселесін қойды. «Бізде табиғи мұнай-газ қоры бар. Біз оны терең өңдеу дәрежесіне дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін қазір бізде Атырау облысында әлеуетті мұнай-химия комбинаттары салынуда. Яғни, тек шикі мұнай ғана өндірмей, оны дайын өнімге дейін, полимерлерге дейін жеткізуіміз керек. Газ саласында да терең қайта өңдеу өндірісі болу керек. Міне, осы кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындарын құру керек. Агроөнеркәсіп саласында да өнімдер бар, оны әлемдік дәрежедегі тамақ өнеркәсібі өнімдерінің дәрежесіне жеткізуіміз керек. Қазақстан үшін дәстүрлі салалардағы өсімнің жоғары қарқынын сақтап қана қоймай, олардың өнімді өңдеуге мамандануын қамтамасыз ету қажет», ‑ деп түйіндейді Н. Назарбаев.
Тоқтала кететін жайт, осы Индустрияландыру күні аясындағы жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы іске қосқан нысандардың біразы сол шикізаттарды терең өңдеу мәселесін шешуге бағытталады. Айталық, Президент Н. Назарбаев Алматы облысы Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауытын салтанатты жағдайда іске қоса отырып, бұл зауыттың маңыздылығына тоқталған болатын. Аталмыш зауыт өнеркәсіпте жүгері дақылын терең өңдеп, онда толық қантты айырбастайтын өнімдер шығарыла бастайды. Бұдан бөлек, зауытпен қоса Жаркент өңірінде жүгеріге қатысты терең өңдеудің тұтастай кластері қалыптаспақ. Сөйтіп, индустрияландыру картасы аясындағы нысан шеттен импортталатын өнімдерді отандық өніммен алмастыратын болады. Зауыт азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды болмақ. Сондықтан да, Елбасы: «Панфилов ауданы бір кездері өзінің жоғары жүгері сұрыптары арқылы ұдайы мақтанышқа ие еді. Алайда, бұл дәрежеден соңғы уақытта айырылып қалдық. Оны қайтадан қалпына келтіруге тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда жүгеріні терең өңдеуге кіріскендеріңіз қуантады», - деген болатын.
Ал дәл осы Жаркент өңірінде жүгері алқабын қайта жаңғырту мәселесін осыдан біраз бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қуаныш Сұлтанов та көтергені есте. «Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы оңтүстік-шығыс қақпасы саналатын Ұлы Жібек Жолының тарихи шежірелі қойнауы, Алматы облысы Жаркент өңірінің жері шұрайлы, егістік, көкөніс, бау-бақшасын суаруға суы жеткілікті, қысы жұмсақ, жанға азық, малға жайлы. Осындай тұрмысқа қолайлы өлке өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда болған алапат ашаршылық тұсында еліміздің орталық, солтүстік, батыс өңірлерінен жан сауғалап келген мыңдаған бауырларымызды ашаршылық аранынан сақтап қалды. Жаркент жеріне көршілес Қытай шаруалары да ежелден бері көз тігіп, қызығумен келеді. Ал өңірдің бірден бір ерекшелігі - Қазақстанның басқа облыстарында өсе бермейтін, өссе де ашық күн мен суға байланысты осы жердегідей өнім бере алмайтын адамға да, малға да азықтық қуаты бар, дәрумендік құрамы сан алуан, дүние жүзінде стратегиялық дақыл саналатын жүгеріге қолайлы», - деді депутат. Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, өткен ғасырда Панфилов ауданы жүгері тұқымын Қазақстанның барлық солтүстік облыстарына, Ресейге, Шығыс Еуропа елдеріне экспортқа шығарып, мал азығының сапасын көтеріп тұрған. Кейін шаруашылық құлдырап, жүгері егістері бүлініп кетті. Осыған орай, Қ. Сұлтанов Үкіметтің мал басын асылдандыру, экспортқа ет шығару бағытында бағдарлама жариялап жатқанын тілге тиек етіп, бұл ретте ең алдымен азық тапшылығын еңсеру қажеттілігін атап өтті. «Өткен қыста қаншама мал азық тапшылығынан қырылды. Тұрақты, қоректі мал азығының базасын жасамай ешқандай мал бордақылау жүзеге аспайтыны түсінікті болса керек. Сосын еліміздің барлық кинотеатрлары мен демалыс орындарында балаларымыз Қытайдан, Түркиядан, басқа алыс шетелдерден келген «поп-корн» секілді жүгері өнімдерін жегеніне мәз. Осыған байланысты, Алматы облысы, Панфилов ауданындағы жүгері шаруашылығын қайта қалпына келтіру, аудандағы суармалы жерлерді толық игеру туралы бастаманы қолдауды сұраймыз», - деді Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Қ. Сұлтанов. Бұл ретте депутат жүгері алқабын, оның өнімін, тұқымдық дәнді субсидиялаудың көлемін қайта қарап, жүгерішілерді ынтыландыруды жолға қою қажеттігін алға тартты.
Айта кетерлігі, Елбасының қатысуымен іске қосылған Жаркент қаласындағы жаңа технологиялы крахмал-сірне зауыты қазірдің өзінде жүгері дәнінен 26 түрлі өнім шығарып, 400-ден астам адамға жұмыс беруді қамтитын болады. «Сондықтан зауытқа қолдау көрсетіп 50 мың тонна жүгері сатып алуға квота беріп, тұқымдық қор жасауды ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, жүгері жинау кезінде жанар-жағар май алуға қолдау көрсетілсе игі. Аудандардағы суармалы арналарды, қырмандарды жүгері дәнін сақтайтын арнайы орынарды жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру қажет. Жүгері алқаптарын минералды тыңайтқыштармен, қажетті жүгері жинау техникасымен қамтамасыз ету шараларына көмек көрсетілуі керек. Мұндай шараларды Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында да жүгері және соя алқаптарын қалпына келтіріп, еліміздің мал азықтық базасын нығайтылғаны абзал», - деді депутат Қ. Сұлтанов.
Бұндай қадам шындығында ауыл шаруашылығын дамыту мен осы саланың өнімдерін терең өндеу мәселесіне оң серпін беретін еді. Сондықтан да, Елбасы Н. Назарбаев Жаркенттегі жүгері алқаптарын жайқалтуды қайта қалпына келтіру мәселесін алға тартып отыр емес пе?