Инемен емделемін деп өкпесі тесілді: ШҚО дәрігерлері зейнеткерге шұғыл ота жасады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі емес шығыс медицинасымен емделген 72 жастағы зейнеткердің өкпесі тесіліп, шұғыл ота жасалды. Оқиға Выдриха ауылында орналасқан «Уба» санаторийінде болған.

акупунктура, инемен емдеу
Фото: Freepik

Зардап шеккен әйелдің қызының айтуынша, акупунктура сеансы кезінде анасы кенеттен қатты ауырсынуды сезінген. Алайда процедура жүргізген дәрігер бұл жағдайды асқыну деп бағаламай, науқасты жібере салған.

— Анам бірден денесі ауырсынғанын айтты, бірақ оған ешкім мән бермеді. Процедурадан кейін оны жай бөлмесіне жіберді, — дейді қызы.

Келесі күні әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Санаторий қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Алайда қызының сөзінше, медицина қызметкерлеріне науқастың бір күн бұрын инемен емделгені туралы хабарланбаған. 

Өскеменге оралған соң әйел қайтадан жедел жәрдем шақырған. Рентгенологиялық тексеру барысында науқастың өкпесі тесіліп, пневмоторакс пайда болғаны анықталған.

Зейнеткер шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер плевралық пункция жасап, өкпеден шамамен 1,5 литр ауа шығарған. Осылайша, оның жағдайы тұрақталып қалды.

Оқиғадан кейін әйел акупунктура жасаған дәрігерге қатысты полицияға арыз жазған. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып, медицина қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстанда 150-ге жуық дәрігер жетіспейтіндігі хабарланған.

Соңғы жаңалықтар