INESS-2024: Әлемнің жеті елінен 150 ғалым елордада энергетикадағы инновацияларды талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM — 7-9 тамызда Астанада қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған INESS-2024 наноматериалдар және знергия сақтаудың озық жүйелеріне арналған 12-ші халықаралық конференция өтеді. Оған Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания және Тайвань сияқты әртүрлі елден 150-ден астам ғалым қатысады. Бұл туралы Kazinform тілшісіне «Аккумуляторлар институты» ЖШС-ның басшысы және энергия жинақтау жүйелері зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Нұржан Өміров айтып берді.
— INESS-2024 іс-шарасында қандай тақырыптар талқыланбақ және олардың ішінде қайсысы барынша өзекті?
— INESS конференциясына 2013 жылы NU профессоры Жұмабай Бакенов бастама жасаған еді және содан бері Орталық Азиядағы наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелерінің соңғы трендтерін талқылауға арналған жетекші платформа болып отыр. Биыл INESS энергия сақтау жүйелеріне арналған озық материалдар, сенсорлық материалдар мен технологиялар, энергия сақтаудың балама жүйелері, жаңартылатын энергия көздері, экология және тұрақты даму сияқты маңызды салалардағы технологиялық жетістіктердің мәселелері мен келешегін талқылайды. Әсіресе, жасыл энергетика мен көліктегі прогресті анықтайтын келесі буын энергия сақтау жүйелеріне арналған озық наноматериалдар саласындағы зерттеулер айрықша өзекті.
INESS-2024-ке Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысады. Панельдік сессиялар Осака университетінің, Skoltech (РФ), Warwick University және басқаларының жетекші ғалымдарының, сондай-ақ индустриялық демеуші — MNLabtech, Faraday Factory Japan, Interactive Сorp., Netzsch сынды компаниялар өкілдерінің қатысуымен өтеді.
— Конференцияның негізгі мақсаты мен күтілетін нәтижесі қандай?
— Конференция наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелері саласындағы жаңа ғылыми жаңалықтардың катализаторына айналып, жаңа серіктестік қарым-қатынас орнатады және ғылыми зертханалар мен орталықтар арасындағы қазіргі байланыстарды нығайтады деп үміттенеміз. Қазақстанның жас ғалымдар мен студенттерінің қатысуы да аса маңызды. Іс-шара оларға халықаралық форум барысын сезініп, түрлі елдің жетекші ғалымдарымен әңгімелесуге мүмкіндік береді.
— Қандай да бір серпінді, жаңашыл әзірлемелердің тұсаукесері күтіле ме?
— Иә, INESS-2024-те наноматериалдар мен энергия сақтау технологиялары, әсіресе литий-ионды және натрий-ионды батареялардың тиімділігі мен қауіпсіздігін жақсарту салаларындағы серпінді әзірлемелердің тұсаукесері күтіледі. Бұл технологиялардың кейбіреулері коммерциялық іске асыру алдында тұр. Біздің Battery Group Nazarbayev University зерттеу тобы конференцияның әрбір тақырыбы бойынша ұсынылады, зерттеулердің кейбір бағыты бойынша біз әлемде көшбасшымыз. Мысалы, Оңтүстік Кореяның зерттеу тобымен зертханалық жағдайда тамаша нәтиже көрсететін және коммерцияландыру әлеуеті жоғары наноқұрылымды материалдарды әзірлеу бойынша ынтымақтастықтамыз.
— Зерттеушілер қандай ең үлкен міндетті шешуге тырысып жүр?
— Негізгі міндеттердің қатарына материалдардың төзімділігі мен қауіпсіздігі, өндірістің өзіндік құнын төмендету және экологиялық тұрақтылық жатады. Мысалы, біз пайдаланылған батареяларды қоршаған ортаға барынша аз әсер ететіндей қайта өңдеу әдістерін жасап жатырмыз. Біздің мақсатымыз — қалдықтарды азайту ғана емес, сонымен қатар құнды материалдарды өндіріске қайта қайтару.
— Наноматериалдар мен энергия сақтау технологияларын дамытуда ғылыми және өндірістік орта арасындағы ынтымақтастық қаншалықты маңызды?
— Ғылыми және өндірістік орта арасындағы ынтымақтастық ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды жеделдету және инновациялардың табысқа жету мүмкіндігін арттыру үшін өте маңызды. Біздің топта әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында және халықаралық компанияларда тағылымдамадан өткен ғалымдар жұмыс істейді. Мәселен, Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры, доктор Айшуақ Қонаров екеуміз Оңтүстік Кореяның жетекші зертханаларында жұмыс істеген кезде PhD дәрежесін алдық. Әріптестеріміздің бірі Канадада, Тесла компанияның жетекші ғылыми кеңесшісінің жетекшілігімен білім алып жатыр. Бірқатар әріптесіміз халықаралық литий-ионды аккумулятор компанияларында жұмыс істейді.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстанда осы ғылыми саланы дамыту үшін қандай шаралар қабылдау қажет?
— Меніңше, Қазақстанда ғылыми саланы дамыту үшін гранттық бағдарламалар арқылы зерттеулерді қолдау, өнеркәсіпті инновациялық технологиялар мен материалдарға инвестиция салуға ынталандыру, сондай-ақ орта және жоғары қайта бөлініс материалдарын шығаруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.