Инфляция, қымбатшылық, мол салық түсімі - ҚҚС артса не болады
Елімізде жаңа салық кодексі әзірленіп жатыр. Қыркүйек айында Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынды. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетке қосымша 2,4 трлн теңге қаражат түсіреді. Министрліктің пайымынша мұндай өзгеріс ел экономикасына оң пайдасын тигізеді екен. Бұл өзгеріс бизнеске қалай әсер етеді? Тауарлар қымбаттай ма? ҚҚС мөлшерлемесін арттыру жайында сарапшылар не дейді? Бұл туралы толығырақ Kazinformсарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қосылған құн салығы деген не?
Қосылған құнға салынатын салық, кейде қосылған құн салығы – жанама салық түрі. Бұл қосылған құнның мемлекеттік бюджетке аударылатын бөлігі, яғни бюджеттің маңызды көздерінің бірі. Кәсіпорын бір жағынан, сатылған өнімдерден қосымша құн салығын алушы да, екінші жағынан, жабдықтаушылардан өндіріс құралдарын сатып алушы ретінде қосылған құн салығын төлеуші де болады.
Қосылған құн салығын төлеушілер салық кодексінде белгіленеді. Мемлекеттік бюджетке төленетін қосылған құн салығының көлемі өндірушінің сатқан тауары үшін есептелген салық пен жабдықтаушыларға шикізат, материалдар, отын мен энергия өнімдері үшін төленген қосылған құн салығының айырмасы негізінде есептеледі. Нақтырақ айтқанда, салық төлеушілер қосылған құн салығын тауарларды өндіруге (жұмыстарды орындауға, қызмет көрсетуге) жұмсалған материалдық шығынды шегере отырып есептейді.
Үкімет ҚҚС-ты неге көтеріп жатыр?
Елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында консультативтік құжат жариялады. Құжат барысында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру, корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (тапқан табысына орай салық бөлінісін әділ қамтамасыз ету), арнайы салық режимін реформалау, табак өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығы мәселелері қарастырылған.
Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыруды ұсынды. Бұдан бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түспек. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мөлшерлеменің өзгеруі тек 121 821 (5,5%) салық төлеушіге қатысты болатынын атап өтті. Оның айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесі бірінші кезекте импорттық тауарларға өседі. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді ынталандыру үшін жеңілдіктер сақталады.
«Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттердің көлемімен бірдей. Қосымша кірістер осы трансферттердің мөлшерін қысқартуға мүмкіндік береді. Тиісінше, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеді. Ал түскен қаражат әлеуметтік салаға бағытталады», -дейді министр.
Бұл ретте Әлібек Қуантыров Қазақстандағы қосылған құн салығы Ресеймен салыстырғанда төмен екенін айтты.
«Бізде бәсекелестік Ресейге қарағанда төмен. Ресейдің экономикасы біздің экономикамен салыстырғанда сегіз есе үлкен. Әрине, олардан бәсекелестік бойынша қысым бар. Олар 20% (қосылған құн салығы) төлейді, бірақ Қазақстанға экспорт жасағанда соны қайтарып алады. Өздеріңіз білесіздер, біздің азық-түлік дүкендерінде Ресейден әкелетін тауарлар көп. Біздің экспорттаушыларға, импорттаушыларға осындай қысым болып жатыр. Жалпы бағаға ондай үлкен әсер болмайды», - деді Ә. Қуантыров.
Кодекстің жаңа жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында Парламент талқысына ұсынылуы тиіс. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС төлеуші ретінде тіркелетін кәсіпорын айналымының минималды шегі 20 мың АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) болып бекітілген еді. Ал 2025 жылдан ҚҚС мөлшері өсуі мүмкін.
Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі талқыланды. Кәсіпкерлер қазірден бастап алаңдаушылық білдіріп отыр. Министрлік өкілдері экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлерді тыңдап, мөлшерлемені көтеруге қатысты түсініктеме берді.
«Бізге мөлшерлемені көтеруге түрткі болған дәйектер мен сараптама көбірек керек. Қазір аналитика аздық етеді. Сараптама ҚҚС не үшін көтеріліп жатқанын түсіну үшін қажет. Алдын ала есептеуіміз бойынша, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру инфляцияның өсуіне ғана емес, нақты мәнде ЖІӨ өсу қарқынының жылына 1%-ға төмендеуіне әкеледі. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Бізге көбірек дәйек керек. Оның үстіне кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы», – деді «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов талқылау барысында.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірлеу кезінде ҚҚС мөлшерлемесін белгілеудің бірнеше нұсқасы, оның ішінде оны саралау қарастырылғанын атап өтті.
«Бірінші кезекте, фискалды функция – нысаналы трансферттің орнына қосымша 2,4 трлн теңге. Оны біз қазір жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде Ұлттық қордан алып отырмыз. Енді қордан алмайтын боламыз. Мемлекеттің шығын артып келеді. Жыл сайын біз бюджет секторына 3,5 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсаймыз. Атап айтқанда, Бизнестің жол картасы, Қарапайым заттар экономикасы бағдарламалары, ауыл шаруашылығы. Екінші мәселе, ҚҚС - кәсіпкерлердің салығы емес. Бұл сіздерге салынатын салық жүктемесі емес. Бұл - жанама салық, салық жүктемесі коэффициентінде ол жоқ. Бизнеске мүлде тиісіп жатқанымыз жоқ, бұл - тұтынушы жүктемесі», – деп түсіндірді Азамат Амрин кәсіпкерлерге.
«Ірі кәсіпорындарға қиын болады»
Алдағы өзгерістер жайлы түсініктеме берген экономист Арман Байғанов ҚҚС мөлшерлемесін көтеру күтілетін шара екенін айтты.
«Мұны күту керек еді, өйткені біртіндеп фискалдық саясат пен реттелетін бизнестің басқа бағыттары көрші елдермен, әсіресе Ресеймен байланысты болуы керек. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен сыртқы сауданың шамамен 94-95%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Әсіресе, фискалдық саясатта алшақтықтар көп болса, ең алдымен, біздің экономикамызға кері әсер тигізуі мүмкін», - деді Арман Байғанов Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысына берген сұхбатында.
Сарапшының пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі, алайда бұл еңбек өнімділігіне байланысты болады.
«Ресейде көптеген қызмет түрлерінде еңбек өнімділігі әлдеқайда жоғары. Еңбек өнімділігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым шығындар төмен, ал кіріс жоғары болады. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесі жоғары болғанына қарамастан, олардың бизнесі бәсекеге қабілетті», - деп түсіндірді сарапшы.
«ҚҚС мөлшерлемесін көтеру отандық бизнеске қалай әсер етеді?» деген сауалға сарапшы бейімделуге тура келетінін, яғни тауарлар мен қызметтердің бағасы көтерілетінін жасырмады.
«Бұл әсіресе ҚҚС төлейтін ірі өндірушілерге қатысты. Бұрын кейбір кәсіпорындар қосылған құн салығын төлемеу үшін бірнеше жеке кәсіпкер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге бөлініп, оларды туыстарының атына тіркеп келді. Ал енді келесі жылдан бастап еншілес компаниялардың айналымы сол кәсіпорынның біртұтас айналымы ретінде есептелетін болады»-деді Арман Байғанов.
«Бұл шара жоғары инфляцияға әкелуі мүмкін»
Дегенмен ол Қазақстанда салық ауыртпалығы басқа елдерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін айтады. Сонымен қатар сарапшы бұл шара инфляцияның көбеюіне әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.
«Тиімділік пен еңбек өнімділігін арттырса, келешекте оны еңсеруге болады. Еңбек өнімділігінің артуына байланысты шығындар, тауардың өзіндік құны азаяды. Бұл оңай емес, өйткені кейбір салаларда, әсіресе ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі төмен. Сонымен қатар, кейбір аймақтарда халық тығыздығы төмен, бұл нарықтың аз екенін білдіреді. Кейбір өңірлер шалғайда орналасқан және логистикалық шығындар жоғары, сондықтан ондай жерлерде еңбек өнімділігін арттыру қиынға соғады», - деп түсіндірді ол.
Экономист Расул Рысмамбетов ҚҚС ставкасының көтерілуі тұтыну бағасының өсуіне бірден әсер етеді деген пікірде. Сондықтан өндірушілер бір нәрсені үнемдеудің жолдарын іздейтін болады.
«ҚҚС-ты бірден 4 тармаққа көтеру – тәуекелі көп қадам. Салық өскен кезде өндірушілер, саудагерлер бір нәрсені үнемдеуге, бизнесті төмен салық аймағына шығаруға, орталық кеңселерін ҚҚС 12 пайыз деңгейінде сақталған көрші мемлекеттерге ауыстыруға мүмкіндік іздей бастайды. Сондықтан мұндай шараға қатысты сұрақтар өте көп», - деді Расул Рысмамбетов Kazinform агенттігінің шолушысына берген сұхбатында.
Оның мәліметінше, ең көп ҚҚС 5-6 компания ғана төлейді. Сондай-ақ, ол келесі жылы мөлшерлеме өсетін болса, инфляцияның да үдеуін күтуге болатынын айтады.
«Көптеген сарапшылар бұл дұрыс қадам екенін айтып жатыр. Өз басым бұны алдымен пилоттық режимде жүзеге асыру керек еді деп есептеймін», - деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, Бұл салықты әлемнің 137 мемлекеті пайдаланады. Қосылған құн салығының ең көп мөлшері Мажарстанда тіркелген. Онда салық 24 %-ды құрайды. Ал Ресей, Ұлыбритания, Өзбекстан, Армения, Украина, Молдавия сынды елдерде 20 пайыз. Мальтада 19 %-ды құрап отыр.