Инфляциямен күрес жүйелі реформа талап етеді – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында еліміздегі басты мәселе ретінде жоғары инфляцияны атап өтті. Мемлекет басшысы бұл халық табысы мен экономикалық өсімді жойып жатқанын айтып, Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп, нақты әрі тиімді әрекет етуі қажет екенін жеткізді.
Экономист Расул Рысмамбетов аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
– Иә, инфляция – негізгі проблемалардың бірі. Бірақ ең басты мәселе – экономикамыздың кенже қалуы, диверсификацияның төмендігі және инфрақұрылым мен коммуналдық желілердің тозуы. Сондықтан инфрақұрылымды жөндеу, қалпына келтіру және жаңасын салуға инвестиция тарту өте маңызды. Мәселен, қыс кезінде Алматыдағы ЖЭО-лардың бірі істен шықса, инфляция мәселесі екінші кезекке ысырылады. Екібастұз мысалы – соның айғағы, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, инфляцияны тек шектеу арқылы емес, жүйелі шешімдер арқылы төмендету керек.
– Президент айтқан бейдәстүрлі тәсілдерді қолдану қажет. Соның бірі – цифрлық теңгені енгізу. Біріншіден, бұл бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына сеп болады. Екіншіден, мемлекеттік шығыстарға қатаң бақылау енгізіледі. Үшіншіден, шұғыл реформалар жүргізілуі керек. Инфляцияны шектеу арқылы уақыт ұтуға болады, бірақ бұл – ұзақмерзімді шешім емес. Табиғи түрде инфляцияны төмендететін факторлар болуы тиіс. Ол үшін инфрақұрылымдық жобалар қажет, – деді ол.
Сарапшы сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы тиімді коммуникацияның маңыздылығын атап өтті.
– Үкімет пен Ұлттық банк бұған дейін бірлескен мәлімдемелер жасайтынын айтқан. Меніңше, олар айына кем дегенде бір рет халыққа ашық ақпарат беріп отыруы тиіс. Қанша қаражат жұмсалды, не үшін жұмсалды, қандай нәтиже береді – бәрін нақты түсіндіру маңызды. Қоғаммен байланыс – басты құрал, – деді Расул Рысмамбетов.
Еске салай кетейік, Елімізде инфляцияның өсімі 12,2% құрайтынын жазғанбыз.