Инфляцияның ырыққа көнгенін қалай білеміз

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов еліміздегі инфляцияның ырыққа көну белгісін атады, деп хабарлайды Kazinform

инфляция
Фото: Kazinform

«Инфляция ең бірінші кедей адамдарға соққы болады. Бұл — тек біздің ғана байқағанымыз емес. Мұны барлық экономист біледі. Бұл — экономикалық факт. Айталық, сіздің жалақыңыз 1 млн теңге болып, оның 150 мың теңгесін күнделікті тіршілігіңізге жұмсайсыз. Ол табысыңыздың 15 пайызын құрайды. Ал егер жалақыңыз 300 мың теңге болып, 150 мың теңгесін жұмсасаңыз, онда ол кірісіңіздің 50 пайызына тең. Бағаның кез келген көтерілуі жалақысы жоғары адамға қарағанда сізге қатты әсер етеді. Бұл — экономикалық саясаттың аксиомасы. Сондықтан да инфляцияның өте көп экономикалық факторы бар деп санаймыз. Сол себепті қолданыстағы саясатты ұстануға тырысамыз. Біз инфляцияны дәліз аясына „сыйғызуымыз“ керек», — деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, Ұлттық банк 2025 жылдың соңына дейін инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

«Бұл — экономикалық өсім мен инфляция арасындағы теңгерім. Біз инфляция экономикалық өсімге кедергі келтірмейтіндей, сонымен қатар қалтаға ауыр салмақ салмайтындай болғанын қалаймыз. Бұл инвестицияны жоспарлауға мүмкіндік берер еді, шетелдік және отандық инвесторлар үшін де өте маңызды. Сол арқылы қарапайым қазақстандықтардың өз шығынын жоспарлауға, тұтыну мен жинақтау арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік алады. 5 пайыз болғанда бұл бізге инфляцияның беті қайтқанынан белгі береді», — деді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар