Информатикадан халықаралық Олимпиада қатысушылардың бар мүмкіндігін ашатын дүбірлі дода - Канададан келген делегат
Осындай пікірін үйеңкі жапырағы елінен келген команданың жетекшісі Трой Васига айтты. Шетелдік қонақ Қазақстанға тұңғыш рет ат басын тіреген екен. "Алматыға алғаш келіп отырмыз. Мұнда келмес бұрын Қазақстан туралы ақпарат іздедік. Бірақ дəл осындай қонақжай, өркениетті ел екендігін ойламадық. Алматы қаласының табиғаты, заңғар таулары керемет. Қаланы түгел аралап үлгермедік. Ертең өтетін сайысқа дайындалып жатырмыз. Бірақ ұйымдастырушылар керемет экскурсия əзірлеп қойғанына сенімдімін",- деді Т.Васига. Канада өкілі өз командасының дайындығын өте жоғары бағалап отыр. Т.Васига қарсыластардың да мықтылығын мойындайды. "Бұл додаға кіл мықтылар жиналды. Олимпиада қатысушыларға өз деңгейін сынауға, өз мүмкіндігін ашуға мүмкіндік береді", - деді Т.Васига. Алматыда басталған халықаралық олимпиадаға 86 елден 630 делегат келді. Халықаралық байқау əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтеді. Ашылу салтанаты бүгін 15.00-де Ө.Жолдасбеков атындағы оқушылар сарайында болады.