Инфрақұрылымды дамытудың халықаралық тәжірибесі
Үдемелі экономикалық даму жағдайында инфрақұрылым сапасын арттыруға деген талаптың күшеюі орынды. Қазіргі әлемдік экономикадағы қайшылықтар мен дағдарыстың кереғар ықпалы орын алып отырған күрделі ахуал барысында жоспарланған бюджеттің дұрыс атқарылуын басқару және жүйелеу тетіктерінде әлемдік озық тәжірибелердің қолданылуына назар аударуымыз заңдылық. Бұл ретте мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту мен жетілдіруде оңтайлы шешімдер қабылдауда мемлекеттік-жекешелік әріптестік қызметі айрықша орын алады.
Қазіргі таңда Nord Europe темір жол желісі арқылы Лонданнан Парижге дейін 2 сағат 15 минутта жетуге болады. Ал жүкті пойыздың көмегімен француздың Кале қаласынан британдық Фолкстоун қаласына дейін не кері бағытта көлігіңізден шықпай-ақ жеткізуге болады. Осы жерде «Ал, Ла Манш бұғазы ше?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Оның жауабы - мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін ұтымды пайдалануда. Соның ішінде Еуропа елдерінің мемлекеттік инфрақұрылымды ұзақжылдық басым бағытта біріккен жобалар негізінде дамытуды қолға алып, тығырықтан бірлесе шығудағы озық тәжірибелері тарихына тағы бір терең үңілгеніміз артық болмас.
Ұлыбританияны құрлыққа қосу идеясы адамзатты XVIII ғасырдан бері толғандырған көп мәселенің ең бір өзектісі еді. Англия мен Франция арасындағы арақатынасты дамыту үшін бұғаз астынан туннель салуды Наполеон ұсынған болатын. Шындығында 1802 жылы оның инженері Альберт Матье-Фавьен ұсынған жоба қазіргі таңда фантастикалық және қауіпті болып көрінеді. Туннель құрылысы тасқынды теңіз суының астында ат экипажы жайбарақат қатынап, ал ауа алмасу бұғаз бетіне шығатын құбыр арқылы жүзеге асатын жоба ретінде болжанған болатын. Бұл жобаның сол кезде жүзеге аспауына елдегі тұрақсыздық және зор көлемдегі мемлекеттік шығындар себеп болды.
Араға ғасырлар салып, жоба Англия және Франция елдері басшыларының тендер жариялауымен 1980 жылдан жүзеге асырыла бастайды. Жеңіске лайықты Europont, Euroroute, Channel Expressway және Eurotunnel сынды 4 үміткер болды.
Жеңіске жеткен Eurotunnel компаниясы транс-порттық сектордағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолданудың көшбасшысы атанды. Бастапқыда концессия мерзімі 55 жылға болжанғанымен, оның уақыты кейіннен 99 жылға дейін созылып, құрылыс - иелік ету - пайдалану - қолданысқа беру жүйесінде жүзеге асырылды.
Ұлы құрылыс жұмысы ағылшын жағалауынан 1987 жылы 15 желтоқсанда, ал француз жағалауынан тек 1988 жылдың 28 ақпанында басталды. Құрылыстың аяқталуына 100 метр қалған кезде ағылшын және француз бұрғылаушылары екі жүзді балға шоты мен күректер көмегімен екі шетті қосу үшін кішігірім туннель қазды.
1990 жылдың 1 желтоқсанында бұғаз бетінен 40 метр тереңдікте британ және француз үңгілеу бригадасы кездесті. Дәлсіздік көлденеңінен 358 мм-ге, ал тігінен алғанда 58 мм болды. 7 жыл көлемінде 13 мың инженер мен жұмыскер күшімен жүзеге асырылған жоба 1991 жылы аяқталды. Ағылшындар тарапынан 84 км, ал француз тарапынан 69 км туннель жасалды.
Еуротоннелді салтанатты түрде 1994 жылы 6 мамырда Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ мен Франция президенті Франсуа Миттеран ашты. Осындай қиындықтан өткен жоба 1994 жылы жүзеге асырылып, Еуропа елдері бірігуінің мызғымас символы ретінде ереше маңызға ие болды.
Еуротоннель құрылысының салынуы мен қолданысқа берілу тарихы мемлекет пен бизнес серіктестігінің жарқын мысалы. Бұдан біз мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қолданылу аясы барынша кең екенін байқаймыз.
Қазақстандағы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заң экономиканың барлық дерлік саласында қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Әрине, бұл тұрғыда ұсынылатын қандай да болмасын құнды да маңызды жобаның «идеядан бастап нақтылы іске асырылу» жолынан өтуі - экономика заңдылығы. Бұл жерде ең маңыздысы басты өзек - идея болып табылады. Еуротоннелдің пайда болу тарихы оның бастапқы аса беделді жобадан ірі бизнес жобаға ұласуының шежіресі десек асыра айтқандық болмас. Ол бүгінгі күнге дейін мол табыс көзі ғана емес, сонымен қатар оның негізін қалаушы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдырудың жарқын үлгісі болып отыр.