Инклюзивті білім беруді дамыту орталығы - ерекше балаларға арналған бірегей мектеп

Прогрессивті білім беру жүйесі міндеттерінің бірі - ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту процесіне инклюзивті тәсілдерді енгізу. Инклюзивті білім беру тұжырымдамасы ЮНЕСКО-ның білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы Конвенциясында, мүмкіндігі шектеулі адамдардың білім беру саласындағы қағидаттары, саясаты және тәжірибесі туралы Саламанка декларациясында жарияланған дене, психология, ақыл-ой, мәдени, этника, тіл және басқа да жеке ерекшеліктеріне қарамастан барлық балаларды тәрбиелеуге тең құқықтар туралы ойға негізделді.
2011 жылы Қазақстанда инклюзивті білім беру қажеттілігі туралы «2011-2016 жылдарға арналған ҚР білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Дәл сол кезде инклюзивті білім беруді дамытуға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасауға, кадрлар даярлауға, даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін әдістеме ұсынымдарын әзірлеуге маңызды бағдарлар жасалды», – дейді Әйгерім Күдеринова.
Инклюзия ерекшеліктерін ескере отырып, білім жүйесінде кеңес заманындағы білім беру қызметінің тәжірибесін алуға шешім қабылданған. Сол кезеңнен бастап мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына бейімдеу қамтамасыз етілген.
«Мұны әртүрлі жүйелердің бірігуі деп айтуға болады. Яғни, Кеңес Одағы мектептерінің тәжірибесі, жалпы білім беретін мектептер базасында арнайы түзету сыныптары ашылған кездегі инклюзияның толық емес интеграциялану әрекеттері. Мұны ішінара инклюзия деп атауға болады. Мүмкіндігі шектеулі балалар бөлек мектепте оқымай, барлығымен тең дәрежеде білім алды. Негізгі білім беру жұмыстарынан басқа педагогтар олармен тәрбие жұмыстарын, үйірме сабақтарын өткізді», – дейді арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығының директоры.
Оның айтуынша, алғашқы отандық дефектологтар Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттерінде білім алған. Кейін Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң мұндай кадрларды ел ішінде дайындау, дефектология бөлімдерін ашу, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты көмек көрсету жүйесін құру және дамыту қажет болды. Сол кезде қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында Абай атындағы дефектология факультеті ашылып, Қарағанды педагогикалық институтында да осы факультет жұмысын бастады. Алайда, мамандар тапшы болды. Уақыт өте келе педагогика қауымдастығынан кәсіби міндеттер мен оларды шешудің жаңа тәсілдері талап етілді.
1992 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы заманауи арнайы білім беру жүйесінің жетекші ғалымы және ұйымдастырушысы Роза Сүлейменова еліміздегі алғашқы инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ашылуына септігін тигізді. Сол кезеңде Түзету педагогикасының орталығы деп аталды. Міне, жылдар өте «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ елімізде ғана емес, ТМД-да да ғылыми және практикалық қызметті үйлестіретін жалғыз мекемеге айналды.
«Инклюзивті білім беру орталығына 3 жыл бұрын келдік, ол кезде ұлым 2,5 жаста еді. Баламның анық сөйлемейтінін байқадық. Ұлым бір жарым жасында алғаш рет сөйледі, содан кейін үнсіз қалды. Қатты алаңдап, бірден мамандардың көмегіне жүгіндік. Орталыққа келген 3 жыл ішінде балам анық сөйлей бастады. Мұғалім нәтиже мен тәжірибені дамыту үшін көптеген үй тапсырмасын береді. Олардың дамыту сабағын өткізетіні ұнайды.
Мен мұндай адамдарды көп кездестірген жоқпын. Балалармен жұмыс істеу оңай емес, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеу, тапсырманы екі есе қиындатуы мүмкін. Дұрыс тәсілді білу қажет. 2020 жылы карантин кезінде қызметкерлер толыққанды даму процесін тоқтатпау үшін балалармен онлайн-сабақ өткізуді жалғастырды. Сондай-ақ орталықтың техникалық жабдықталу ауқымы да таңғалдырады, әрбір оқытушының кабинеттері оқу бағдарламасы мен әдістемесіне сәйкес жабдықталған. Балалар мұнда қызметкерлердің балаларға және олардың ата-аналарына деген жақсы қарым-қатынасы, сондай-ақ ерекше атмосфера үшін келгенді ұнатады», – дейді ата-ана.
Орталық жетекшісі Әйгерім Күдеринованың айтуынша, ұйымның бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы білім беру саласындағы әдістеме ұсынымдары, оқу бағдарламалары, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу. Сондай-ақ мұнда педагогтарға арналған біліктілікті арттыру курстары өткізіледі.
«Біз жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, педагогтар үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізіп келеміз. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің жобасы ретінде нормативтік құқықтық базаны әзірлейміз. Яғни бүгінде енгізіліп жатқан инклюзивті білім беру саласындағы барлық қағида дәл осы жерде әзірленіп жатыр. Кезінде ғалымдарымыздың ғылыми жобалары психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар сияқты арнайы білім беру ұйымдары желісін дамытудың негізіне айналды. Ғылыми қызметтен басқа, біз балаларды оңалту және оқытумен де айналысамыз. Орталық қабырғасында оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімі жұмыс істейді. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүргіземіз. Жыл сайын 1000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі бала оңалту және кеңес беру қызметтерін алады», – деп түсіндірді Әйгерім Күдеринова.
Орталықтың көздегені – мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған арнайы білім беру ұйымдарының желісін дамыту болды. Басқаша айтқанда, бұл психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісінің ашылуына қызмет еткен мамандардың ғылыми жұмысы. Қазіргі уақытта елімізде психологиялық-медициналық комиссияның 82 кабинеті бар, сондай-ақ 207 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Қазақстанда 14 оңалту орталығы бар.
«Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде бала логопед, дефектолог, психолог сияқты арнайы педагогтардың көмегін алады. Бұл мамандардың барлығы психологиялық және физиологиялық бұзылуларды жеңуге көмектеседі. Мұндай жұмыстың моделі біздің ғалымдардың зерттеулері негізінде жасалды. 2002 жылы біздің орталық Роза Сүлейменованың басшылығымен, мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы Заңның қабылдануына бастама көтерді. Осы Заң аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетудің, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және т.б. салалардағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың негізгі тармақтары жазылды», - дейді Ә.Күдеринова.
Былтыр арнайы және инклюзивті білім беру орталығының ғалым-мамандары аутистік спектрдің аурулары бар балаларды психологиялық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау бойынша бағдарлама әзірледі. 2020 жылдан бастап барлық мектепте педагог-ассистент лауазымы енгізілді, ол оқу процесіне, оның ішінде аутизмі бар балаларға көмектеседі.
«Менің егіз ұлым бар, олар 7 жаста. Екі жастарында оларға аутизм элементтері бар психо-сөйлеу дамуының кешігуі, сенсорлық-моторлы алалия диагнозы қойылды. Балалар сөйлемеді, олар біздің сөзімізді де түсінбейтін. Көп мамандарға бардық. Ұлдарымызды әртүрлі мемлекеттік және жекеменшік орталықтарға апардық. Түрлі әдістемелерді қолдануға тырыстық, бірақ нәтиже шамалы болды», – дейді «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ тәрбиеленушілерінің анасы Айнұр Есжанова.
Кейін Айнұрға инклюзивті білім беру орталығына жүгінуді ұсынады. Оған мұғалімнің сабақ оқытуы ұнаған. Бұған дейін басқа орталықтарда балалар оқытушылармен жалғыз қалып, ата-аналар оқу процесінің қалай өтіп жатқанын көре алмайтын.
«Орталықта педагогтар біздің балаларымыздың жағдайын ескере отырып, жеке түзету әдісін әзірледі. Бізге балаларды түсінуге, олардың мінез-құлқына дұрыс жауап беруге, мінез-құлық реакцияларына түсініктеме беруге үйретті. Балаларды бірдеңе мазаласа немесе бір жері ауырса, олар түсіндіре алмайды. Олар көбіне өздерінің жағдайын эмоционалды түрде білдіреді, бұл кейде әлеуметтік проблемаларға әкеледі.
Сөйтіп, жарты жыл бойы орталыққа барып жүрдік. Біздің балалармен жұмыс жасаған мамандар әртүрлі жағдайды немесе заттарды бейнелейтін нақты фотосуреттерді қолдана отырып, балама байланыс әдісін пайдалануды ұсынды. Фотосуреттер арқылы балалар бізге өз қалауын осылай көрсетті. Сондай-ақ сабақта дене жаттығулар әдісі қолданылды. Фотосуреттерді пайдалана отырып, күн кестесін жасадық және балаларға не жеткізгіміз келетінін үйреттік. Сонымен қатар топтық әлеуметтену сессияларына қатыстық.
Орталық сенсорлық интеграция сабақтарын да өткізді, күнделікті түрлі жағдайға бағытталған визуалды қолдау әдістерін қолданды. Суреттерде бейнеленген қарапайым әңгімелер арқылы балалар өмірде өзін қалай ұстау керектігін үйренді. Сабақ басталған сәттен бір ай өткен соң, балалардың бірі суреттерді шындықпен байланыстыра бастады. Бала буынға бөліп сөйлеп, қарапайым сұрақтарға жауап берді, амандасып, қоштасу сөздерін қолдана бастады. Тынышталып, өзіне не қажет екенін анық білдіретін болды.
Көп ұзамай балалармен пойызға міндік. Нормотипті балалардың ата-аналары үшін бұл жағдай елеусіз болып көрінеді, алайда біз үшін олардың дамуы мен мінез-құлқындағы серпіліс жетістік саналады. Оларды сапарға алдын ала дайындадық, әңгімелер айттық, пойыздағы адамдардың мінез-құлқын бейнелейтін фотосуреттерді көрсеттік. Соның арқасында балалар өзін сабырлы ұстады, ұлдарыммен вагон мейрамханасына барып, тамаққа тапсырыс беріп, бірге ас іштік», – дейді Айнұр.
Биыл Айнұрдың балалары педагогикалық комиссиядан сәтті өтіп, қыркүйек айында түзету мектебінің 1-сыныбына барды. Олар қалам ұстап, жаза бастады.
«Басында психиатрлар балалардың оқуға бейімділігі жоқ екенін айтты. Әртүрлі маман мен орталықтарға барып, нәтиже болмаған кезде, олардың айтқаны дұрыс шығар деп ойлағанмын. Бірақ арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы педагогтарының арқасында біз нақты нәтиженің жемісін көрдік. Әрине, әлі де көп жұмыс күтіп тұр, алғашқы қадам жасалды. Балаларыммен бір-бірімізді түсіне бастағанымыз – сабақтың ең әсерлі тұсы. Біз бір-біріміздің тілектерімізді ескеруді үйрендік», – деді ол.
Жыл сайын орталық базасында 400-ге жуық педагог біліктілігін арттырады. Арнайы педагогика саласы белсенді түрде дамып келе жатқанына қарамастан, республикада кәсіби кадрлардың, жаңа бағыттағы мамандардың жетіспеушілігі анық байқалады. Мәселен, кәсіби терапевт, ерте араласу маманы, бейімделген дене тәрбиесі мұғалімі тапшы.
«Біздің орталықтың әрбір қызметкері – жоғары деңгейдегі нағыз кәсіби мамандар. Орталықта психологиял ғылымдарының кандидаты, ғалым Әлия Ерсарина жұмыс істейді. Ол балалардың психологиялық-педагогикалық сараптамасы мен ерекше қажеттіліктерді бағалау бойынша көптеген ғылыми еңбектер жазған. Оның жұмыстарын елімізде ғана емес, сонымен қатар Ресей мен Украина елдерінің психологиялық-медициналық-педагогикалық мамандары қолданылады. Әлия Ерсарина психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру негізіне командалық бағалау ұғымын енгізді. Егер бұрын баланың жағдайын бір маман бағаласа, қазір ұсынылған техниканың арқасында командалық тәсіл қолданылады. Баланы зерттей отырып, дамудың бұзылу себептерін түсінуге болады», – деп түсіндірді Ә.Күдеринова.
Әлемде, сондай-ақ Қазақстанда инклюзивті білім беру қарқынды дамып келеді. Алайда, бірыңғай тәсілдер жетіспейді. Сондықтан ҚР БҒМ тапсырмасы бойынша орталық қызметкерлері инклюзивті білім беруді енгізу тәжірибесі бар жалпы білім беретін мектептерді үйлестіруді қолға алды.
«Біздің мекеменің жанынан ресурс орталығын аштық, енді психологиялық-педагогикалық қолдау және ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау ережелерін әзірлеу жоспарда бар. Балалар ерекше қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс істейтін кәсіби мұғалімдерден уақтылы және сауатты көмек ала алады», – дейді орталық басшысы.
Әйгерім Күдеринованың көздеген тағы бір мақсаты бар. Ол 1977 жылы салынып, ондаған жыл бойы жөндеу жүргізілмеген орталықтың жаңа ғимаратқа көшкенін қалайды.