Инновациялық экономиканы құру қомақты қаржыны қажет етеді - Ғылым комитеті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда инновациялық экономиканы құру үшін ең алдымен қомақты қаржы бөлінуі керек. ОКҚ-да «Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасының іске асырылуы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Бүгінгі таңда елімізде ғылымға мол қаражат бөлініп жатқаны, бірақ ешқандай нәтиженің жоқтығы айтылып жатыр. Сыни пікір қоғамнан да, басшылық тұрғысынан да бар. Бірақ мен Қазақстанда ғылымға жалпы ішкі өнімнің 0,14 пайызы ғана бөлінетінін атап өткім келеді. Өзге елдермен салыстырғанда бұл сома тым аз. Орташа есеппен Еуропа елдері ғылым саласына ЖІӨ-нің 1 пайызын бөледі. Ал тіпті инновация саласында ірі жетістіктерге қол жеткізген Израиль 4 пайызын, Оңтүстік Корея 3,5 пайызын ғылымның дамуына жұмсап отыр. Бағамдасақ, ғылым мен инновация саласында алға шығып кеткен мемлекеттер бұл салаға барынша көп қаражат бөлуде», - дейді ол.
Болатбек Әбдірасыловтың айтуынша, Қытайдағы бір ғана Alibaba компаниясы алдағы 3 жылдық жұмысы үшін 5 млрд АҚШ долларын бөлген. Бұл қаражат теңгеге есептеп шаққанда 1,5 триллион теңгеге теңеседі.
«Ал бізде жыл сайын ғылым саласына 35-36 млрд теңге бөлінеді. Қыркүйек айының басында ғана ғылым және технология бойынша Ислам мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Онда қабылданған бағдарламалық құжатқа сәйкес, аталған ұйымға енетін әр мемлекет ЖІӨ-нің 0,3 пайызын ғылым мен инновация саласына бөлуі керек. Демек, біз бұл салаға бөлінетін қаржыны еселей түсеміз. Алдағы 3,5 жылда біз осы асуды бағындырамыз деп отырмыз», - дейді ол.