«Инновациялық Қазақстан» конкурсының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялар тобы жұмысқа алатын болады

Қорда конкурстың Қазақстан жастары арасынан «зерек бастарды» табу үшін ұйымдастырылғанын атап өткен. Бұл орайда ақтық мәреге шыққандардың инновациялық идеялары олардың кәсіби деңгейінің, іс жүзінде жұмыста өзінің мүмкіндіктерін көрсетуге дайын екендігінің белгісі болмақ.
Гүлмира Райысова, «Самұрық-Қазына» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры:
«Қазіргі кезде кез келген компанияға жаңа күш, серпінді идеялардың генераторлары мен алға жылжытушылары қажет деп ойлаймын. Мәселен, егер қатысушы ақтық мәредегі ондықтың қатарына ілігіп, оның инновациялық идеясы белгілі бір салаға (мысалы, энергетикаға) инновация әкелетін болса, оны неліктен жұмысқа алмасқа?».
Ақтық мәреге шыққан оқушылар мен студенттерге қатысты, Қорда оларды кадрлық резервке қою мәселесін қарастыруға, сондай-ақ еншілес ұйымдардың бірінде жазғы практика мен тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынуға дайын.
Бұған дейін хабарланғандай, конкурс қорытындысы бойынша дарынды жастар пулы, сондай-ақ «идеялар мен жобалар топтамасы» құрылатын болады. «Инновациялық Қазақстан» конкурсының талаптарын түсіндіру республиканың 150-ден астам оқу орындарында өтіп жатыр. Конкурс басталған екі аптаның ішінде Қорға 80-нен астам өтінім келіп түсті. Өтінімдерге жасалған талдау көрсетіп отырғандай, Астана, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматының 15 және 18 жас аралығындағы жастары аса қызу белсенділік танытып отыр.
«ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» КОНКУРСЫ ТУРАЛЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
Жастар конкурс туралы қайдан біледі және өтінімдердің жеткілікті саны жинала ма?
Біз үшін жастармен шенеуніктер немесе басқа да «ресми» адамдар емес, өздерінің құрдастары, замандастары араласқаны өте маңызды. Сол арқылы жастарды біздің конкурсқа қатысуға ынталандыруға болады.
Өздері сияқты волонтерлер тренингіден өткен соң жооларға барып, аудитория жинап, конкурсқа қатысу талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Біздің оқу орындарымыздың нағыз технологиялық серпін жасауға мүмкіндік беретін жеткілікті ғылыми базасы бар екендігіне сеніміміз мол. Айтпақшы, конкурстың аталымдарының бірі дәл осылай аталады.
Конкурс нәтижесі бойынша «Инновациялық Қазақстан» конкурсының ұтқыр тобының үйлестірушілері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-қа кадрлық резервке қабылданатын болады. Олардың жұмысы олар жастармен жұмыс жүргізген оқу орындарынан келіп түскен өтінімдердің санына қарай бағаланады.
Сонымен қатар, біздің конкурсқа ЖасОтан, Қазақстан студенттерінің альянсы, Қазақстан жастар конгресі, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы сияқты көптеген жастар ұйымдары қолдау көрсетіп отыр. Осынау белсенді, қоғамдық өмірдің алдыңғы қатарында жүрген жастар әсіресе «Әлеуметтік идеялар» аталымында батыл инновациялық жобалар ұсына алады деп ойлаймыз.
Конкурстың www.i-kaz.kz деген ресми сайты бар, сондай-ақ танымал әлеуметтік желілерде парақтары бар. Сонымен бірге конкурстың аудиороликтері Қазақстанның аса танымал радиостансаларында ойнатылады. Біздің ролігіміз өте жарқын, әсерлі. Оған жас, келбетті кейіпкерлер түскен, клиптің екпінділігімен назар аудартатын тартымды тұстары көп (http://www.youtube.com/watch?v=hiMhrRdrGik). Біздің конкурсымыз, шын мәнінде, Қазақстан жастарының өміріндегі елеулі оқиға болады деп сенгіміз келеді.
Жеңіп шыққан идеялар қолданыла ма?
Конкурс Қазақстан жастарының инновациялық санасын ынталандыру үшін құрылған. Өйткені стандартты емес шешімдер іздеу, өзін көрсете білуге, өз ісінің маманы болуға ұмтылу жас ұрпаққа тән. Сондықтан жеңімпаздардың идеялары қараусыз қалмайтындығы сөзсіз.
Сонымен қатар, қазіргі кезде Қазақстанда нақты бизнес-идеяны іске асыруға бағытталған инновациялық жобалар конкурсы өтіп жатыр. Ал біздің конкурстың мақсаты - идеяны ғана емес, оның авторына қолдау көрсету. Егер қытай нақылымен айтар болсақ, біз адамды балыққа тойдырмаймыз, біз оған балықты аулауды үйретеміз.
Жеңіп шыққан екі жеңімпаз бес миллион теңге мөлшеріндегі грантты өз қалауларынша жұмсай алады. Бұл шетелде тілдік курстар, ғылыми дәреже тағайындаусыз шетелдік жоода оқу немесе өздерін қызықтыратын отандық не шетелдік компанияда ғылыми/өндірістік практикадан өту болуы мүмкін. Бұл өзіне, өзінің біліміне инвестиция құюдың таптырмас мүмкіндігі екендігіне ешкім дау айтпас. Конкурстың ұраны «Сенің идеяң! Сенің мүмкіндігің! Сенің болашағың!» деп аталуы да жай емес.
Жеңімпаздарды іріктеу қаншалықты әділ жүргізіледі?
Қор бес критерий бойынша идеяларды бағалаудың көпсатылы жүйесін әзірледі, ол субъективті пікір немесе екіұшты түсіндіру дегенді болдырмайды.
Айталық, «бірегейлік» критерийі бойынша идеяның қаншалықты бірегейлігі, бейімделгендігі немесе оған ұқсас жобаның болуы ескеріледі.
«Тиімділік» критерийі бойынша оның шығындылығы және бір жылдан үш жылға дейінгі уақыт ішінде іске асыруға болатындығы қаралады.
Идеяның адам санына әсері талданады (50 мыңнан 350 мың адамға дейін) - «ауқымдылық».
«Тасымалданушылық» критерийінде идеяның басқа салаларда қолданылатындығы бағаланады. Сондай-ақ «іске асырымдылық» деген критерий бар, онда идеяны іске асыру қаншалықты жеңіл екендігі анықталады.
Конкурстың ақтық мәресіне он адам шығады, солардың ішінен ең үздік екі жобаның авторы таңдалады. Сонымен бірге, ақтық сайысқа қатысқандардың идеялары венчурлық қорлардың шетелдік мамандарының тәуелсіз сараптамасынан өтеді. Осы факторлар жеңімпазды әділ таңдауға мүмкіндік береді.
Неліктен Қазақстанда емес, шетелде оқуды ұсынасыздар?
Шын мәнінде, конкурстың екі аталымындағы бас жүлде - білім алу гранты. Конкурстың өзгешелігі де сонда, жеңімпаздар қолдарына түскен мүмкіндікті қалай жұмсағылары келсе, өз еріктерінде. Конкурсқа 15 жастан 30 жасқа дейінгі жастар қатысатын болғандықтан, ынталандырудың «сыңаржақтылықты» болдырмайтын, икемді жүйесін таңдадық.
Мәселен, мектеп оқушылары шетелде тілдік курстан өте алады, ал студенттер мамандығы үшін өзекті болып табылатын семестрді оқи алады, ал жұмыс істейтін жастарда отандық не шетелдік компанияда тағылымдамадан өту мүмкіндігі бар.
Қалай болған күнде де «Технологиялық серпін» және «Әлеуметтік идея» аталымдарындағы жеңімпаздарға өздерін конкурс аясында танытудың барынша қызықты және тиімді жолдары ұсынылады. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті маңызды рөл ойнамақ (http://www.skcu.kz ). Бұл алдыңғы қатарлы шетел оқу орындарымен, сондай-ақ отандық ұлттық және шетелдік компаниялармен кең ғылыми және іскерлік байланыс орнатқан, озат тәжірибе жинақтау және жаңа білім берудің ашық, табысты орталығы.