Инновациялық жобалардың интеллектуалды өзегі
XXI ғасырдың кредосы - «Жаңа технология», «Инновация», «Жасыл экономика» осы мақсаттардың жүзеге асуына тікелей септігін тигізеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Білім мен ғылым индустриясы - Қазақстанның XXI ғасырдағы стратегиялық қоры» екенін атап көрсеткен. Ел экономикасын дамытудың негізгі кілті - жоғары инновациялық технологиялық өнімдерді өндіру арқылы жасыл экономикаға көшу болып отыр. Осы мақсатта инновация мен инновациялық өнімдерді өндіруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, идеяларды нарыққа шығаруға гранттар бөлінуде, әсіресе ЖОО ғалымдары мен студенттерінің жобаларына қаржылық демеу көрсетілуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - жоғары кәсіби білім беруді дамытудың инновациялық-жаңаша орталығы және баламасы жоқ ғылыми-инновациялық құрылымы бар интеллектуалды корпорация. Университет қабырғасында тиімді технологиялық дәліз - «идеядан бастап оның коммерциялануына дейін» жұмыс істейді және жоба нәтижелері экономиканың нақты секторына енгізілуде. Алматы және еліміздің оңтүстік өңіріндегі қалалық инновациялық жүйенің өзегі ретінде ҚазҰУ ғылыми-білім беру және инновациялық кластері (ҒБИК) ашылған. Осыған орай «Инновациялық Алматы» жобасы іске қосылды және ол инновациялық жобадан нарыққа дейін «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеуде.
«Арнайы экономикалық аймақты басқарушы компания» АҚ мен «Инновациялық технологиялар паркі» ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылып, ҚазҰУ негізінде «ИТП Алатау» 3-ші кезеңі басталуда. Университеттің инновациялық әлеуетін одан әрі жақсарту мақсатында инженерлік және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластері мен биомедициналық кластер салу жоспарлануда. Университет қабырғасында инновациялық жобаларды әзірлеумен 8 ғылыми-зерттеу институты және 2 жаратылыстану бағытындағы инженерлік ғылыми зертханалар айналысады. Жоғарыда аталған ғылыми институттарда қазіргі уақытта 22 әлеуетті инновациялық жобалар әзірленді, бұл жобаларды қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Қазақстандағы инновациялық жобаларды жүзеге асырумен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ айналысады және онымен ҚазҰУ арасында өзара серіктестік жөніндегі келісімшарт бар. Бұл әрекеттер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметінің негізгі бағыттарының бірі, университет ғалымдарының зияткерлік меншік құқығын қорғау мен дамуын қамтамасыз ету үшін жасалған. ҒЗЖ қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғаюда, 2010 жылы 1068,30 млн. теңге қаржы бөлінсе, ол 2013 жылы 4 есе артып, 4223,10 млн. теңгені құрады. Зерттеу қызметінде 2013 ж. алынған қорғаныс құжаттарының құрамы бойынша: биология және биотехнология кластері - 35,6%, физика-химиялық кластер - 22,2%; химия мен химиялық технологиялар кластері - 17,8% құраған. Ал гуманитарлық факультеттер арасында журналистика факультеті көшбасшы.
ҚР БҒМ Әлемдік банк жолымен «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасы шеңберінде ҚазҰУ ғалымдары ҒЗТҚЖ қаржы гранттарына ие болып, Қазақстан экономикасының нақты секторына сәтті енгізілді. Химия және химиялық технологиялар факультеті ғалымдарының еңбегі негізінде «Экохим», «Химия және Инновация», «AIM Lab» және «EcоRadSM» spin-off компаниялары құрылды.
Университетте ҒЗИ қолдауымен жас ізденушілерге инновациялық жобаларын құруға және қаржы көзін тартуға әрқашан мүмкіндіктер беріледі. 2011 жылы студенттік бизнес инкубаторға ұсынылған студенттердің инновациялық жобалар саны - 8 болса, бұл көрсеткіш 8 есе артып, 2014 жылы - 67 жобаға жеткен. ҚазҰУ студенттік Start-up компаниялары ретінде «Velocity», «Ecointerior», «Smart GIS», «WAKE UP Promotion», «Kipa.kz», «UniverPro.com», «InfoTour», «Ориентир», «Youth Travel» турфирмасын атап кетуге болады.
Елімізде start-up компанияларды қолдаумен «ТДҰА» АҚ, «ИТП Алатау», «Ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту қоры», «Atameken Angels» бизнес-періштелер клубы айналысады. 2014 жылы «ТДҰА» АҚ ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен қазақстандық инновацияларды қолдау мақсатында 4 негізгі: машинажасау, энергетика, АӨК, биотехнология, фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында жұмыс жасайтын «KAZINNO» бағдарламасы енгізілді.
ҚазҰУ-інде соңғы 10 жылда әлемдік деңгейдегі ғылыми нәтиже алуға және зерттеуге, бірегей сараптамалар жүргізе алатын заманауи зертханалық база, сонымен қатар «Инновациялық Алматы» жобасының интеллектуалды ортасы құрылған. Университет қабырғасында әзірленіп, қаржыландыру көзін тапқан инновациялық жобалар отандық және шетелдік нарыққа енгізіліп, ел экономикасын арттыруға қызмет етуде. Қазақстанның «ұлы технологиялар бәйгесінде» көшбасшы болуына өз үлесін қосу - әр қазақстандық азаматтың міндеті.