Институционалдық тұрақтылық – Қазақстанның саналы таңдауы
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жаңа Конституцияда өзгеретін баптар заң нормаларын ғана емес, Қазақстанның алдағы жылдарға арналған дамуының құндылық бағдарларын да айқындайтын құжат.
Жаһандық трансформациялар, қақтығыстар мен жекелеген мемлекеттердегі дағдарыстар жағдайында Қазақ елінің қоғамдық бірлігін одан әрі нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтаудың жолдары қандай болуы мүмкін ?
Торайғыров университетінің әлеуметтік ғылымдар магистрі, Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчуктың пікірінше, Конституцияға ұсынылатын өзгерістерді талқылау әдеттегі ресми шешімдерді талқылаулардан әлдеқайда маңыздырақ.
- Біз терең және жылдам трансформация кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әлем біртіндеп емес, үлкен секірістермен өзгеріп келеді. Бұрын табиғи әртүрлілік деп саналатын тіл, мәдениет, этникалық келбет бүгінде саяси жұмылдыру факторына, кейде тікелей қақтығыс ошағына айналып кететінін жиі көреміз. Көптеген елдерде бұл абстрактілі тәуекелдер ғана емес, қоғам мен мемлекет кезігіп отырған ақиқат құбылыс. Мұндай жағдайларда тұрақтылық негізгі ресурсқа айналады. Мемлекет ішкі тепе-теңдікті ненің есебінен сақтай алады? Елдің басты заңы ең әуелі осы сұрақтың шешіміне жауап беретін күшке ие болуы керек. Яғни Конституция тегіне, нәсіліне, ұлтына және тілге байланысты кемсітушілікке тыйым салуды тікелей бекітеді, - дейді сарапшы.
Жаңа өзгерістер бойынша адамның қадір-қасиетін қорғау сөзсіз нормаға айналды. Ескертулер, ерекшеліктер және қос стандарттар жоқ. Әр адамға ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқыту және шығармашылық тілін еркін таңдауға кепілдік беріледі. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан бүгінде саналы таңдау жасап отыр. Институционалдық тұрақтылықты таңдау жаңа Конституцияның жобасында айқын байқалады. Ұлтаралық келісім мен адами қадір-қасиетті қорғау тақырыбы жүйе құраушы ретінде таңдалған.
- Тағы бір норманы ерекше атап өткен жөн. Басты заңымыздың деңгейінде нәсілдік, ұлттық және этникалық артықшылықты насихаттауға, алауыздықты қоздыруға, сондай-ақ кез-келген арандатушылық әрекеттерге тікелей тыйым салынады. Этносаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға қабілетті кез келген іс-әрекет конституциялық емес деп танылады. Бұл өте қуатты құқықтық ұстаным. Шын мәнінде, Конституция қоғамдық және саяси өмірде рұқсат етілетін нақты шекараларды белгілейді. Яғни берілген мүмкіндік бойынша сіз дауласа аласыз, сынай аласыз, өз көзқарастарыңызды қорғай аласыз. Бірақ бұл әрекеттерді адамның қадір-қасиетімен және қоғамдық бейбітшіліктің құнымен бағамдау мүмкін емес, - деп қосты ол.
Сайып келгенде құрмет, теңдік, келісім, ортақ болашақ үшін жауапкершілік – Қазақстанның әрбір нағыз патриотына жақын құндылықтар. Өйткені патриотизм қоғамдық сананы қорғауға, өзгелерді құрметтеуге және елдің тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Конституцияда қарапайым, бірақ идеясы өте қуатты нормалар бекітіледі. Ал қоғамның түрлі ұлттан құралуы қауіп емес, біздің ортақ байлығымыз екенін адамдарға ұғындыра түседі. Келешек ұрпақ келісімге, жауапкершілікке және өзара құрметке негізделіп өссе, мемлекеттің болашағы баянды болатыны даусыз.
Еске сала кетейік, Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғамның даму динамикасын көрсетеді.