Интеграция өнімдердің сапасын арттырады
Ашып айтқанда, әрбір тұтынушы өзі сатып алатын тауар мен қызмет түрін таңдауға мүмкіндік алады. Бұл жерде жоғары бәсекелестік туындайтыны белгілі. Яғни, бәсеке болған жерде импорттық өнім мен жергілікті өнімнің бағасы төмендейді. ЕЭО-ға және ДСҰ-ға кіретін елдерде шығарылған әлемдік стадарттарға сай келетін өнімдердің сапасына қойылатын жоғары талаптарды қатардағы тұтынушылар үшін негізгі артықшылық деп санау керек. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) жұмыс істей бастаған төрт жылда Қазақстанның серіктес-елдерге шығаратын тауарларының экспорты 64 пайызға өсті. Соның ішінде, кондитерлік өнімдер - 9 есеге, күріш - 5 есеге, макарон өнімдері - 60 пайызға, шырындар, автокөлік техникасы, құбырлар, трансформаторлар, конденсаторлар және басқа да тауарлар экспорты бірнеше есеге артты. Осылардың ішінен кондитерлік өнімдердің экспортына бөлек тоқталайық. Аталған өнімдер экспорты 4 жылда 9 есеге өсіп, 35 миллион АҚШ долларын құраған. Отандық кәмпиттер мен шоколадтарды экспорттайтын еліміздегі ең ірі кондитерлік кәсіпорындарға - Алматыдағы «Рахат» фабрикасы, Қостанайдағы «Баян Сұлу», Қарағандыдағы «Қарағанды кәмпиттері» компаниялары жатады. Қарағанды мен Қостанайдың кәмпиттерін ресейліктер мен беларусьтар тұтынса, өзіміздің дүкен сөрелерінен Ресей мен Украинаның кәмпиттерін көп көретініміз рас. Бұл жерде «Рахат» кондитерлік фабрикасының кәмпиттері Қытайда аса танымал екенін айтуға тиіспіз. Тіптен, соңғы бес жылда «Рахаттың» «Made in Kazakhstan» деген тауарлық белгісі бар кәмпиттерін Қытайға сатудың жылдық өсімі 20 пайыздан асып кетті. «Рахаттың» Қытайдағы өкілдігінің қызметкері Цзянь Яньның айтуынша, соңғы 5 жылда қазақстандық кондитерлік өнімдерді бөлшек саудада сататын дүкендер Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Үрімші, Куньминь қалаларында ашылған. «Қазақстандық шоколод өнімдерінің арқасында Аспан асты елінің тұрғындары Қазақстанды жақсы біледі. Көптеген қытайлар Қазақстанның шоколодын жегенді жақсы көреді, біз мұны тұтынушылардың саны күн сайын көбейгенінен байқап отырмыз»,- дейді Ц. Янь. Бәсекеге қабілетті қазақстандық компаниялар әлемдік деңгейде таныла бастады. Оған мысал, Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы «Lotte Confectioneri» атты компаниясы «Рахат» АҚ-ның акцияларының 76 пайызын сатып алды. Яғни, интеграциялық үдерістердің нәтижесінде қазақстандық өнімдер де әлемдік бәсекеге белсене араласуда. Кондитерлік өнімдерді Ресейге экспорттайтын өңірлердің бірі - Батыс Қазақстан облысы. Алайда, 10 мың бас ірі қара малды бордақылайтын алаңы бар облыста мал басын көбейту жақсы қолға қойылған. Атап айтқанда, «Кроун Батыс» мал бордақылайтын компаниясы жаңадан мұздатылған сиыр етін Мәскеуге, Саратов, Самара, Оренбург облыстарына сатады. Сауда павильондарын салуға жер телімін бөлу үшін көршілес ресейлік облыстардың губернаторларымен келісім жасалыпты. «Қазіргі кезде қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ірі қара мал өсіріп, оның етін жоғары қосылған құнмен сатуға құлшыныс танытқандардың қатары көбеюде,- деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. - Бізге сол өнімдерді сататын арнайы павильондар керек. Бұл мәселені облыс әкімі және Ресейдің көршілес өңірлерінің губернаторларымен келісіп шешеміз. Олар павильондар салуға жер бөледі».
Әмірлан Әлімжан