Интеграция - жаңа технологиялардың ағыны
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше болуынан көп нәрселерден ұтады. Солардың бірі - өндіріс пен технологияларды жаңарту, өнеркәсіптік әл-қуатты өсіру. Бұл жерде біздің еліміз 17 млн-дық нарығына серіктес-елдерге жол аша отырып, өзінікінен 9 есе үлкен алып нарыққа шығуға мүмкіндік алады. Кейбір сарапшылар ЕЭО-ның құрылуына орай «Қазақстан Ресей нарығына «қосалқы есік» болады» деп қауіптенеді. Яғни, шетелдік компаниялар Ресей мен Кеден одағы нарығына қол жеткізуі үшін өз өндірістерін Қазақстанда ұйымдастырады. Бұдан қауіптенудің қажеті қанша? Керісінше, мұндай жағдай Қазақстанға барлық жағынан пайдалы емес пе? Біріншіден, бізге қазіргі заманғы шетелдік технологиялар келе бастайды. Екіншіден, аралас өндірістердің даму қарқыны артады. Үшіншіден, жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындары ашылады. Елбасының ЕЭО-ны «инновациялық жоба» деп бағалағаны осыдан. Сонымен бірге, ЕЭО - бәсекелестік алаңы. Қазірдің өзінде Қазақстан осы алаңда бірқатар бәсекелік артықшылықтарға ие: ол - қоғамдағы саяси тұрақтылық, қолайлы инвестициялық ахуал, жеңілдетілген салық жүйесі, бизнесті тіркеудің өте оңайлығы. Осыдан шығар, «Камаз», «Белаз», «Автоваз», «Гомсельмаш» сияқты ресейлік және беларустық ірі өндірушілер өндіріс алаңдарын біздің аумақтан ашып жатыр. Алматыдағы LG зауыты өзінің технологиялық өнімдерін Ресейге тасымалдауды бастап кетті. Біздің Үкімет елдегі бизнес ахуалды жақсартуға тұрақты түрде назар аударып отыр. Осындай институционалдық артықшылықтардың нәтижесінде Қазақстан әлемдегі ең үздік технологияларды магнитше тартуда. VII Астана экономикалық форумының аясында өткен IX инновациялық конгресте «Ұлттық технологиялық даму жөніндегі агенттік» (ҰТДА) АҚ-ы мен шетелдік әріптестер арасындағы қол қойылған екі жақты меморандумдар осыған дәлел бола алады. Атап айтқанда, «ҰТДА» АҚ мен International Development Norway (Норвегия корольдігі) арасында қазақстан-норвег технологиялар трансферті орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Компания президенті Андерс Стелан аталған орталықтың іскерлік әріптес, технология, инвестиция іздеуде Қазақстан мен Норвегияның ғылыми-зерттеу мекемелері және компаниялары арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға үлес қосатынына сенім білдірді. «Ұлттық технологиялық даму жөніндегі агенттік» (ҰТДА) АҚ-ның төрағасы Айдын Құлсейітов пен Корей ғылыми-технологиялық бағалау және жоспарлау институтының президенті Йонг Парк ғылыми-техникалық саясат, стратегиялық жоспарлау, технологиялық форсайт, ғылыми-зерттеу қызметін талдау салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал, кәрістердің технологиялық дамудан әлемдегі жетекші елдердің бірі екенін ескерсек, мұндай келісімдердің маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, «ҰТДА» АҚ АҚШ-тың «Силикон жазығы инновациялық орталығымен» де өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжаттың көмегімен АҚШ-тың нарығында қазақстандық жасалымдар мен стартаптарды бағалайтын және өткізетін бірлескен кәсіпорын құрылады. «Силикон жазығы инновациялық орталығының» президенті Андрей Кунев қол қою салтанаты кезінде «ҰТДА» АҚ мен аталған ғылыми орталықтың индустриалды-инновациялық инфрақұрылым нысандарының қызметкерлері мен технолог-мамандарға арналған оқыту шараларын өткізуді жоспарлап қойғандарын мәлімдеді. Инновациялық конгресте «ҰТДА» АҚ «Беларусь жүйелі талдау және ақпаратпен қамтамасыз ету институтымен», Ресейдегі «Энерготиімді және таза технологиялар орталығымен», Стэнфорд ғылыми-зерттеу институтымен (АҚШ) де жоғарыдағыдай меморандумдарға қол қойды. Мұндай келісімдер бізге жаңа технологиялардың ағынын одан әрі күшейтетіні сөзсіз. Мақаламыздың басында бәсекелік артықшылықтарымыз жөнінде айттық. Айтпақшы, Қазақстан өткен жылы (Ресей мен Беларусті артта қалдырып) әлемдік рейтингтерде 50 көшбасшы мемлекеттің қатарына кірді. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі бойынша 189 елдің ішінен 50-ші және Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 148 елдің ішінен 50-ші орынды иеленді. Ал 2013 жылы мамырда Халықаралық даму менеджменті институты әлемдік бәсекелестік рейтингісінде 60 мемлекеттің арасынан Қазақстанға 34-ші орынды белгіледі.
Әмірлан Әлімжан