Интеграция жұмыссыздықты азайтады

АСТАНА. ҚазАқпрат - Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) кіруінің қарапайым адамдарға әкелетін пайдасы туралы көп айтылып жүр. Жалпы алғанда, үш елдің арасындағы интеграциялық үдерістердің пайдасын қазірдің өзінде сезіне бастадық.
None
None

Мысалға, кеңейтілген өндірістер мен бірлескен кәсіпорындарда көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Семей қаласындағы «СемАЗ» АҚ-ның базасында Қазақстан мен Беларусь бірлесіп құрастыратын «Беларусь» тракторларының шығарылымы жолға қойылды. Бірақ, аталған кәсіпорын бір ғана тракторлармен шектеліп отырған жоқ. Ол нарықтағы сұранысқа сәйкес шығаратын өнімдерінің түрлерін көбейтуде. Соның айқын бір мысалы - биыл «СемАЗ» ЖШС-і «Газельдің» базасындағы мамандандырылған автокөлік құрастыруды қолға алды. Атап айтқанда, тұтас металдан жасалған фургондардың негізінде «Жедел жәрдем», «Сүт таситын көлік», «Тоңазытқыш» газельдер шығарылады. Аталған кәсіпорынның бас директоры Әсемхан Досқожановтың айтуынша, зауыттың базасында алғашқы екі түрлі 4 «Бизнес-Газель» құрастырылған. Оның екеуі - толық жетекті, екеуі - артқы жетекті автокөліктер. Зауыт басшылығы мұндай өнімдерді тек тапсырыс бойынша шығаруға шешім қабылдаған. Сонымен бірге, аталған зауыттан табиғи газбен жүретін арнайы модельдегі автобустар да шығарылып жатыр. Тіптен, тапсырыспен құрастырылған алғашқы осындай 50 автобус Алматыға жөнелтілуге дайын тұр. Автокөлік кәсіпорны кәдімгі жанар-жағар маймен және Еуро-3, Еуро-4 стандарттарымен де қозғалатын автобустар моделін де құрастырады. Алдын-ала жасалған мамандардың болжамы бойынша, зауыттың жылына 300 автокөлікке дейін жасап шығаруға мүмкіндіктері бар. Ең бастысы, кеңейтілген өндіріс жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болуда. Мәселен, соңғы бір-екі жыл ішінде зауыттағы жұмысшылардың саны 80-нен 300 адамға дейін көбейген. Әзірше «СемАЗ-дың» сапалы тракторлары мен автокөліктері өз елімізге, Ресей Федерациясына, Беларусь Республикасына және Қытайға жөнелтілуде. Қазақстан-Ресей бірлескен жобаларының бірі - «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ. Қазіргі кезде Көкшетаудағы зауытта 200 адам жұмыс істейді. Өткен жылы аталған компаниядағы орташа жалақы көлемі - 128-130 мың теңгені құрады. Бұл кәсіпорында қатардағы жұмысшылардың білімін арттырып, біліктілігін көтеруге ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, өткен жылы компания 140 қазақстандық мамандарды өз есебінен оқытса, биыл 85 жұмысшы біліктілік деңгейін көтереді. Мұның бәрі істің әуелден дұрыс жоспарланғанын көрсетеді. «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ-ның техникалық мәселелер жөніндегі директоры Олжас Жұмабаев атап айтқандай, кәсіпорын бүгінге дейін «Камаздардың» 30 моделін құрастыруды игерген. Соның нәтижесінде 9 мың автокөлік шығарылған. Зауыттың басымдықтарының бірі - жаңа технологияларды пайдалана отырып, қазіргі заманға сай жүк автокөліктерін шығару. Мысалға, зауыт электрлі-газды қозғалтқышы бар гибридтік жүк автокөлігін жасап шығаруды қолға алды. Сондай-ақ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ-ның базасында монтаждау орталығы ашылады. Өрт сөндіруші автокөліктердің жаңа буынының өндірісін игеру де осы кәсіпорынның алға қойған негізгі жоспарларының бірі. Жалпы алғанда, зауытқа бүгінге дейін 722 млн теңге инвестиция салынған, биыл тағы 210 млн теңге тартылады. Бұлардың бәрі бірлескен кәсіпорынның даму қарқынының арта түскенін көрсетеді. Автонеркәсіптің дамуының әсері экономиканың барлық салаларынан байқалатыны белгілі. Өйткені, бұл салада ашылған бір ғана жұмыс орны бір-бірімен байланысты бірнеше салаларда жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады. Мысалға, жүк автокөлігін құрастырып шығару үшін, әуелі оның қозғалтқышы мен қосалқы бөлшектерін дайындап алады. Ол үшін металлургия, электрондық өнеркәсіп, химия, металл өңдеу сияқты салалардың көмегі қажет. Одан кейінгі жұмыс жалпы көлік және қызмет көрсету салаларының мамандарының қолына көшеді. «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ-ы сондай-ақ Қазақстандағы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысады. Ол бүгінгі күнге дейін жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асырып, соның нәтижесінде 327 жұмыс орындары пайда болған.

Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар