Интеграцияның мақсаты - тұтыну нарықтарын кеңейту

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде жаһандану үдерісінің жаңа беталыстары пайда болуда. Бүкіл әлемде ірілі-ұсақты мемлекеттер бірігіп, әртүрлі экономикалық, экологиялық қауіп-қатерлерден қорғануда. Өйткені, жалғыздан жалғыз қалған елдің дамып-жетілуі тежеле береді. Жаһандық интеграция осыны дәлелдеп беруде.
None
None

Мәселен, біздің сарапшыларымыздың айтуынша, әлемде саны 300-ге жуық сауда-экономикалық одақтар бар. Жақсылап қарасақ, жер жүзінің картасындағы елдердің барлығы қандай да бір еркін сауда аймағына немесе ортақ нарыққа тартылған. Мысалға, Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) жер шарындағы 159 мемлекет кіреді. Оған тек тұтас ел болып табылмайтын Африкадағы Сомали сияқты мемлекеттер, КХДР сияқты оқшаулану саясатын ұстанған мемлекеттер ғана мүше емес. Ал, биыл барлық деңгейдегі келіссөздер табысты аяқталатын болса, Қазақстан да аталған ұйымға мүшелікке өтеді. Экономикалық интеграция жөніндегі министр Жанар Айтжанованың айтуынша, мүше болып қабылдануымыз үшін бізді 50 мемлекет қолдауы тиіс. «Қазіргі кезде әлемдегі 50 мемлекетпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Биыл біз барлық келіссөздерді техникалық дәрежеде аяқтаймыз деп үміттеніп отырмыз»,- деп мәлімдеді ол еуразиялық интеграциялық үдерістерге арналған брифингте.

Мемлекет басшысы 2011 жылғы 25 қазанда «Известия» газетінде жарық көрген «Еуразиялық Одақ: идеядан болашақтың тарихына дейін» деп аталатын мақаласында былай деп жазды: «Еуразиялық Одақ әуел бастан-ақ бәсекелестікке қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік болып құрылуы қажет». Бұл жерде әңгіме посткеңестік кеңістіктегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі бәсекелестік туралы болып отыр. Яғни, болашақта біз бір ғана Еуразиялық экономикалық одақпен шектеліп қалмаймыз деген сөз. Әлемдегі басқа да сауда-экономикалық бірлестіктермен, аймақтық құрылымдармен, халықаралық ұйымдармен қоян-қолтық араласып, қызу бәсекелестік кеңістікте өмір сүреміз.

Ол үшін бізге экономикалық кеңістіктегі сенімді серіктес керек екені бесенеден белгілі. «Тұран» университетінің ректоры, профессор Рахман Алшановтың пікірінше, мұндай кезеңде Қазақстанға Ресей аса қолайлы одақтас бола алады. «Біздің Ресеймен шекарамыздың ұзындығы 7 мың шақырымға созылады. Ресейдің 12 ірі аймағы біздің елімізбен шекараласып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі интеграция мәселелеріне арналған брифингте. Сарапшының айтуынша, сыртқы саудада Қазақстанның негізгі ірі үш әріптесі бар. Олар: Еуроодақ (53,3 млрд. доллар), Қытай (28,6 млрд доллар) және Ресей Федерациясы (23,5 млрд доллар). Айтпақшы, Қытай 2013 жылы алғаш рет Қазақстанның нарығына тауар шығарудан Ресейден озып шыққан. Тіптен, бұл ел алдағы жылдары Орталық Азия мемлекеттерімен, соның ішінде Қазақстанмен сауда айналымын екі есеге дейін өсіруге ұмтылып отыр.

Ал, неліктен біз негізгі одақтас ретінде Ресейді таңдап отырмыз? «Бірінші дәлел - бұл орынды артықшылықтар. Себебі, осы елмен арадағы шекарамыз 7 мың шақырымға жетеді. Ресейдің 12 аймағы, соның ішінде Самара, Волгоград, Челябі, Омбы сияқты өнеркәсібі жақсы дамыған губерниялары бізге жақын орналасқан. Сондай-ақ, Қазақстанның 8 облысы, яғни, еліміздің аймақтарының жартысы Ресеймен шекаралас жатыр. Оған қоса, екі елдің бұрыннан бері қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстары бар»,- дейді Рахман Алшанұлы. Оның айтуынша, Қазақстанда шығарылған 200-ге жуық тауарлар Ресейде үлкен сұранысқа ие болуда. Бұл отандық кәсіпкерлерге шығарған тауарларын тұтынатын нарықтың пайда болуы деген сөз. Қазақстандық кәсіпкерлік үшін Ресейдің кең нарығының ашылуы өнімдерінің шығарылымын 8 есеге немесе 800 пайызға ұлғайтуды көрсетеді,- дейді профессор Р. Алшанов.

Әрине, ресейлік нарықты жаулап жатқан отандық кәсіпорындар туралы ауық-ауық айтылып жатады. Солардың бір-екеуін мысалға келтірейік. Алматы желдеткіштер зауыты. Бұл кәсіпорын 2008 жылы ашылды. Негізгі үш фактор кәсіпорынның қарқынды дамуына жол ашып бергені белгілі. Біріншісі - қазіргі заманғы әлемдік стандарттармен салынған жаңа зауыт, екіншісі - заманауи инновациялық жабдық, үшіншісі - басқару технологиясы. Осылардың арқасында кәсіпорындағы еңбек өнімділігі үш есеге ұлғайды. Мүмкіндік көбейген соң, зауыт өзіндік инновациялық жаңа өнімдерін шығаруды қолға ала бастады. Инновацияның игілігі сол, аталған зауыт қазір химия, мұнайгаз, энергетика, машина жасау, тамақ, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдейтін өнеркәсіп салаларының кәсіпорындарына арналған 100-ден астам өнімдер мен жабдықтар шығарады. Қазір кәсіпорын еліміздің азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс қажеттіліктерінің 70 пайызға дейінгі көлемін қамтамасыз етеді. Зауыттың өнімдері ішкі нарықпен қатар, шетелдер нарығына да жеткізіледі.

Отандық экспорттың өсуіне айтарлықтай үлес қосып отырған кәсіпорындардың бірі - Кентау трансформатор зауыты. 2012 жылы осы кәсіпорында трансформаторларға арналған жиынтық бұйымдарды жасап шығаратын арнайы цех іске қосылды. Аталған компания соның нәтижесінде экспорттың көлемін 2010 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 2,5 есеге - 20 млн. АҚШ долларына дейін арттырды. Соның ішінде, Кеден Одағындағы экспортының көлемі 8,4 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұдан шығатын қорытынды, біз тұтыну нарықтарын кеңейткенде ғана қазақстандық өнімдерге деген сұраныс көбейеді. Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар