Интеллектуалдық мамандық иелері курьерлерден көп табыс табу үшін не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл мәселе бойынша елімізде қордаланған түйткілдер бар. Бұл жөнінде Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығына арналған дискуссиялық жиын барысында бас ғылыми қызметкер Сара Алпысбаева мәлімдеді. 

Сара Алпысбаева
Фото: Экономикалық зерттеулер институты

— Бүгінде жеткізуші немесе тасымалдаушы азаматтар интеллектуалдық еңбек өкілдерінен көп табыс табады. Мүмкін бұл жаһандық тренд шығар. Уақытша да болуы ықтимал. Бірақ бұл мәселені шешу керек. Жоғары білімді жастар неге сондай қарапайым салаларға кетеді? Демек, жоғары интеллектуалдық деңгейді қажет ететін мамандықтардың табысын арттыру керек, — деді ол.

Сонымен бірге, маманның сөзінше, мұндай мәселелерді қысқа уақытта жедел шешу қиын.

— Қазақстанда ЖІӨ-нің 0,15-016%-ы ғана ғылыми зерттеулерге бөлінеді. Ал жан басына шаққанда, ЖІӨ-сі біздің елімізбен бірдей өзге мемлекеттерде бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары, яғни 1%. АҚШ, Қытай, Еуропа елдерінде ғылыми зерттеулерге ЖІӨ-нің 5%- ға дейін мөлшері бөлінеді. Тіпті, экономикалық қиындықтарға тап болып отырған Ресейде де солай. Демек, Қазақстанда бұл мәселе кешенді түрде талдауды және жүйелі түрде шешуді қажет етеді, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейтінін жазғанбыз.