«Интер» клубтар арасындағы Әлем чемпионатында тең ойынмен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның «Интер» командасы футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатын тең ойынмен бастады.

Е тобында сынға түсіп жатқан италиялық клуб алғашқы кездесуінде Мексиканың «Монтеррей» командасымен шеберлік байқасты.
Ойын барысында алғашқы болып есепті мексикалық футболшылар ашты. Олардың қатарынан Серхио Рамос 25-минутта мергендік танытты.
Оған «Интер» сапынан Лаутаро Мартинес 42-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Сондай-ақ аталған топта Аргентинаның «Ривер Плейт» командасы Жапонияның «Урава Ред Даймондс» клубын 3:1 есебімен жеңді.
Ал F тобында Оңтүстік Кореяның «Ульсаны» Оңтүстік Африканың «Мамелоди Сандаунз» клубына 0:1 есебімен жол берді.
Доп додасында 32 команда сынға түседі. Командалар 8 топқа бөлінді. Әр топта 4 клубтан ойын көрсетеді, олардың екеуі плей-офф кезеңіне шығады.
Әлем чемпионатының жүлде қоры 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі.