Интернет алаяқтар петропавлдықтың 2,7 млн теңгесін қолды етті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны интернет алаяқтардың арбауына түсіп, банк шотында жатқан 2 млн 700 мың теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Интернет алаяқтар петропавлдықтың 2,7 млн теңгесін қолды етті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 66 жастағы тұрғыны интернет алаяқтарға алданып, полицейлерге жүгінді.

Ер адамның айтуынша, оған белгісіз біреу телефон арқылы хабарласып, өзін «банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін» деп таныстырған. Клиенттің шотынан белгісіз біреу ірі көлемдегі соманы алмақ болып жатыр деген. Транзакцияға жол бермеу үшін банк картасының пин-кодын атау керектігін айтқан.

Ер адам осылайша алаяқтардың алдайтынын БАҚ арқылы естіген, сол себепті сенімсіздік танытқан. Алайда, телефонның ар жағындағы адам оның шотында жатқан соманы және соңғы уақытта қандай қаржы операциясын жасағаны туралы айтып берген. Құпия ақпаратты білгендіктен банк қызметкері деп ойлаған петропавлдық пин-кодын жайып салып, салдарынан бар жиған-терген қаражаты – 2 млн 700 мың теңгесінен айырылған.

Бұл дерек «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Бұл жағдай бірінші рет емес. Алда қылмыскерлердің нақты құпия мәліметті қайдан алғанын анықтау керек. Сенімге кіру үшін, олар есімі мен жасын, ЖСН мен үйінің мекенжайын, банктегі шотының жағдайын айтады. Дегенмен, ақшаға қол жеткізу үшін оларға картаның пин-коды немесе sms-хабарламадан бір реттік құпия сөз қажет. Бұл мәліметтерді алу үшін олар психологиялық қысым көрсетеді. Банкке хабарласпауға сенімді түрде кеңес береді. Батыл, нық сөйлесіп, кейде қысымшылық жасауы да мүмкін», - дейді Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Мамандардың айтуынша, банк қызметкерлері телефонмен клиенттерден құпия деректерді ешқашан талап етпейді. Күдік туғызған қоңырау шалған адаммен абзалы сөйлесуді бірден доғарған және лезде банкке жеке жүгінген дұрыс немесе ресми сайтта көрсетілген Call-орталыққа телефонмен хабарласу қажет.