Интернет алаяқтарына алданып қалмаудың қандай амалы бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда алаяқтық оның ішінде интернет арқылы алаяқтық қылмыс азаймай тұр.

Интернет алаяқтарына алданып қалмаудың қандай амалы бар

Алаяқтар цифрлық технология мен әлеуметтік желінің көмегін пайдалану арқылы түрлі әдіспен тұрғындарды арбауына түсіріп жатыр. Осы орайда министрлік алаяқтарға алданып қалмаудың бірнеше амалын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, бөгде кісіге жеке деректерді бермеу керек. Оның ішінде жеке куәлік, банк картасы және тағы сол сияқты. Көп жағдайда азаматтардың жеке мәліметтерін банк немесе белгілі бір компанияның қызметкерімін деп таныстырып біліп алады. Екіншіден, интернет арқылы тапсырыс жасағанда сайт жұмысының заңдылығын тексеру қажет. Заттай алмай, көрмей жатып алдын ала төлем жасамау керек. Себебі, ақшаны алып алған соң, сайттағы хабарландыруды өшіре салады, нәтижесінде затта жоқ, ақша да жоқ», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министрлік өкілі тез табысқа кенелтеміз деген хабарландырудан аулақ болуға шақырды.

«Бүгінде ұсақ қаржылық мекемелер жұмыс істейді. Олар тұрғындарды ұтысқа, инвестиция құюға шақырады. Алаяқтар сізге салған ақшаңыз аздаған уақыттан соң бірнеше есеге көбейеді деп уәде береді. Сонымен қатар ұялы телефон немесе электронды поштаға келген белгісіз спам-хабарлама, сілтемелерді ашудың қажеті жоқ. Әсіресе, банктік деректерге келгенде сақ болған жөн. Яғни банк картасы, логин, құпия сөз тағы сол сияқты», - дейді ол.

Бұған дейін ішкі істер министрлігінің өкілі интернет алаяқтардың тұрғындарды қалай алдайтыны туралы айтып берген еді.

Одан бөлек, Қазақстанда интернет алаяқтықпен күресетін арнайы жедел-тергеу тобының құрылғанын хабарлаған едік.