17:07, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Интернет әлемі заңсыздық билік құрған алаңдарға айналмауы тиіс
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ Адамзат дамуының бүгінгі кезеңі нағыз ақпарат ғасыры сипатын алып келеді. Бұны дәлелдеп жатудың да қажеті шамалы. Өйткені, басқасын былай қойғанда, мамандар бүгінгі бастан кешіп отырған дағдарыстың бір соққысы ретінде биржа нарығының құлдырауын атаса, бұдан да ақпараттың негізгі рөлін аңғаруға болады.
Мәселен, батыста биржа нарығы құлдырай бастап еді, ақпараттық қобалжулар жайбарақат тұрған Азия нарығын да соның кебіне келтірді. Бұл бір ғана мысал.
Ал осындай ақпараттың негізгі көзі ғаламтор желісінде жатыр. Сондықтан да кез келген ел дамуындағы сапалық көрсеткішінің бір өлшемі ретінде интернетті пайдаланушылар саны қарастырылады. Сонымен бір мезгілде қарқындап келе жатқан интернет әлемдік қауымдастықтың негізгі құралына да айналып отыр. Қазақстан да бұндай үрдістен шет қала алмайды. Бұл тұрғыда қарапайым халықтың күнделікті өмірдегі байланысқа деген қажеттілігі туралы айтпасақ та болады.
Бірқатар мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда интернетті пайдаланушылар саны 1,8-2 млн. адамды құрайды немесе жалпы халықтың 13-14 пайызына жуық екен. Ақпаратқа қолжетімділік саясатын жүзеге асыру мақсатында бұлардың қатары алдағы уақытта көбейе түспек. Сонымен бірге, халықаралық тәжірибе бойынша халықтың Интернетке қол жеткізуінің көрсеткіші Қазақстан халқының 18 пайызына тең болған кезде мемлекеттегі ақпараттандыру үдерістері күрт жеделдейтінін көрсетеді. Дегенмен де, ақпараттық қоғамға көшудің жақсылықтарымен бірге, келеңсіз жақтары да ілесіп жүретінін, мәселенің екінші жағы да барын естен шығармаған орынды.
Мамандар соңғы уақыттарда интернеттен таралатын бірқатар «ауруларға», бір-бірімен жалғасқан қатерлерге баса назар аударып келеді. Бұның ішінде жалған ақпараттар, қауіпті ақпараттар, теріс ақпараттармен қоса, жасөспірімдердің психологиясына кері әсер ететін «дерттер» де баршылық. Бұдан басқа, қарақшылыққа, лаңкестікке, балалар порнографиясы мен адамды аздыратын түрлі хайуандыққа арналған сайттарды ғаламторға басын сұққан адам тез-ақ таба алады. Ал бұндай адамдық қалпынан айыратын, лаңкестік пен адам айтқысыз бұзақылықты қолдайтын сайттарға шектеу жасау азаматтардың еркін ақпарат алмасу құқын шектеу болып табыла ма? Және де «көзге көрінбейтін бұндай қатерлермен» күресу үшін заңдық нормалар қандай болуы тиіс? Ең алдымен, заң бойынша кімнің құқы бұзылып, кімнің құқы сақталады? Міне, осындай сауалдар қазіргі күні интернет мәселесінде өзекті тақырып болып отыр.
Сондықтан да, әлем елдерінде интернет кеңістігін реттеу, қадағалау туралы бастамалар да көтеріліп, оны заңнама аясында шешу жолдары талқылануда. Мәселен, Еурокомиссияның бастамасы бойынша жыл сайын Еуропада Қауіпсіз Интернет күні өтеді. Бұл атаулы күннің мақсаты - Дүниежүзілік ғаламтордың ең алдымен өскелең ұрпаққа әкелетін қауіп-қатерін түсіндіру. Сондай-ақ әлем елдерінің ішінде ғаламтор көзін пайдаланушылар саны жағынан екінші орынға шыққан Қытайдың өзі «жастарды интернетке тәуелділіктен қорғау» мақсатында арнайы шараларды қолға алмақ. Яғни, сарапшылардың айтуынша, Интернеттен толассыз келіп жатқан теріс ақпараттар ағынынан ең алдымен жасөспірімдер қорғалмай отыр.
Еуроодақ аясында интернет-кеңістікті реттеу жекелеген елдердің заңнамалары бойынша және жалпы еуропалық бірлескен реттеу шаралары бойынша жүзеге асады. Осыған орай, аталған ұйымға төрағалық етуші мемлекет ретінде Франция да 2008 жылы интернеттегі мәселелерді реттеу үшін жалпы еуроодақтық заңдарға түзету енгізуге тырысты. Бұл құжаттың өзі арнайы бақылаушы орган құру туралы бастаманы жүзеге асыруға бағытталған болатын. Ал ондай орган ең алдымен провайдерлерден интернетті күмәнді тұтынушылар туралы ақпараттар жинап қана қоймай, желі арқылы заңсыз файлдар алмасушылармен күресті жандандырады. Бұндай ғаламтор көзін заңсыз мақсатта пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қолдану туралы шараға Франция президенті Н. Саркози де бастамашылық жасап, Еуропа әлемін интернеттің заңсыз алаңға айналмауына тосқауыл қоюға шақырып отыр.
Жалпы Францияның осы бастамасына түрлі себептермен қарсы шығушы елдер болғанымен де белгілі бір дәрежеде интернетке қатысты реттеу жүргізу қажеттігін қолдаушылар да баршылық. Атап айтар болсақ, Еуропада балалар порнографиясымен күрес үшін интернетті сүзгіден өткізу мәселесі кеңінен қоғамдық талқылауға шығарылып отыр. Бірақ, мамандар тарапынан аралас мазмұндағы сайттарды сараптап, сүзгіден өткізу үшін де басқа технологиялар қолдану туралы мәселе бар. Бұдан басқа, Еуроодақтың әділет және қауіпсіздік комиссариаты провайдерлерді жарылғыш заттар мен бомбыларды жасау тәсілдерін көрсететін веб-сайттарды жабуға шақырады. Ал Ұлыбритания Ішкі істер министрлігі лаңкестікті көтермелеуге бағытталған сайттарды жою жолдарын қарастырмақшы. Дегенмен де, «жеті өлшеп, бір кесетін» еуроодақ елі интернет-қарақшыларымен күресті әлі де заң жобалары деңгейінде қарастырып, нақты шараларға бара алмай отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Еуроодаққа қатысатын бірқатар мемлекеттер интернет-кеңістік мәселелерін өздерінің жекелеген заңнамалары аясында реттеу шараларын қолға алған. Мәселен, Германияда арнайы «Провайдерлердің жауапкершілігі туралы» заң қабылданған. Сондай-ақ осы елдің Қылмыстық кодексінде компьютерлік қылмыстарға қатысты жауапкершілікке тарту туралы біршама баптар қамтылады. Ал Италияның Қылмыстық кодексінде кибер-қылмыстық мәселелерге қатысты жауапкершілікті күшейту, қауіпсіздік шаралары үшін қорғалған компьютерге немесе телекоммуникацияға қосылуға тыйым салатын баптар да бар.
Тоқтала кететін жайт, Еуроодақ мемлекеттері интернет-кеңістігін бақылау мен реттеу шараларында толық шешімге келмегенімен де, ендігі күні бұндай қадамның маңыздылығын мойындайын деп қалды. Өйткені бірқатар зерттеулер соңғы жылдары жастар тарапынан жасалатын адам шошырлық қылмыстарға компьютердің, оның ішінде интернет көзінің де әсері болғанын айғақтайды. Сондықтан да алдағы уақытта Еуропа елдерінде «қатерлі» интернетке қатысты шектеулер болатынын, ортақ стандарттар енгізілетінін айтуға болады. Бірақ, бұндай шектеулердің өзі азаматтардың ақпарат алу құқығын бұзбай, ғаламторға қолжетімділікті төмендетпей жасалатыны анық.