Интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударуға көмектескен топтың ісі сотқа жолданды
АСТАНА. KAZIFORM - Қаржылық мониторинг агенттігі шетелдік интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жәрдемдескен топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өз бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесі арқылы шетелдік интернет-казинолардың шоттарына ақша аударып отырған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалы қосылған.
Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар.
Жүргізілген төлем операцияларының жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткен. Ал күдіктілер алған комиссиялық сыйақы 286 млн теңгені құраған.
Ақшаның нақты қайда бағытталғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз атына төлем терминалдары тіркелгенінен бейхабар болған.
Аталған тұлғалардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар рәсімделген. Жалған шарттар мен арнайы әзірленген сайттардың көмегімен ақша аударымдары тауарлар мен қызметтердің төлемі ретінде көрсетілген.
Кейін қаражат шетелдік алушыларға, соның ішінде криптовалюта арқылы жіберілген.
-Қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды. Сот санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматыда заңсыз онлайн-казино схемасы әшкереленгені туралы жаздық.