Интернет-платформалар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы ақпарат жолдауға міндеттеледі
АСТАНА. KAZINFORM – Интернет-платформалар Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы ақпаратты жіберуге міндетті болады. Бұл туралы Қаржы министрінің бұйрығы жобасында аталып өткен.

«Көрсетілген қызметтер, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу интернет-платформа арқылы жүргізілмейтін интернет-платформа операторлары салық органдарына интернет-платформада тіркелген, интернет-платформаны пайдалана отырып, тапсырыс берушілерге қызметтер көрсететін немесе тапсырыс берушілерге жұмыстарды орындайтын тұлғалар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну қағидаларын, мерзімін және нысанын бекіту туралы» бұйрығы «Салық кодексінің 14-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді.
Жобаның мақсаты – көрсетілетін қызметтер немесе орындайтын жұмыстар үшін ақы төлеу жүзеге асырылмайтын интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызметті іске асыратын жеке тұлғалардың (оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың) және дара кәсіпкерлердің табыстарының толықтығы мен ашықтығын қамтамасыз ету. Сондай-ақ құжат аясында интернет-платформаларды орындаушылардың салық міндеттемелерін және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау тәртібін оңайлату ескерілген.
Бұйрық жобасын іске асырудан болатын нәтижесі:
– Интернет-платформалар операторларының интернет-платформаларды пайдалана отырып қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын тұлғалар туралы мәліметтерді ұсыну тәртібіне, мерзімдеріне және нысанына бірыңғай талаптарды айқындау;
– Қызметті интернет-платформаларды пайдалана отырып жүзеге асыратын жеке тұлғалардың (оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың) және дара кәсіпкерлердің табыстарына Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылаудың тиімділігін арттыру;
– Жеке тұлғалардың (оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың) және дара кәсіпкерлердің табыстарын заңдастыру және салық заңнамасын ерікті түрде сақтау деңгейін арттыру үшін құқықтық жағдайлар жасау;
– Қызмет көрсету және жұмыстарды орындау саласында адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу.
Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.