21:06, 18 Наурыз 2017 | GMT +5
Интернетке Димаштың «Singer» байқауының 9-кезеңінде орындаған әні жүктелді
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қытайдың Хунан телеарнасында «Singer 2017» байқауының тоғызыншы кезеңі эфирден көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқауға қатысып жатқан қазақстандық Димаш Құдайберген бұл кезеңде «All by Myself» әнімен үшінші болып өнер көрсетіп, екінші орыннан көрінді. Жобаға енді ғана қосылған қытайлық әнші Лян Бо қажетті дауыс жинай алмай, келесі кезеңге өтпей қалды.
Еске сала кетейік, Димаш байқаудың 10 кезеңнен тұратын іріктеу бәсекелерінен сүрінбей өтті. 16 наурыз күні 10-ыншы кезеңнің алдын ала түсірілімі өтті. Онда жас талантымыз «Ұмытылмас күн» әнін қазақ және қытай тілдерінде орындап, үшінші орынды иеленді.
Айта кетейік, Д.Құдайберген 9-ыншы және 10-ыншы кезеңдердің қорытындысы бойынша бірінші орыннан көрінді.
Байқаудың бастапқы әншісі ретінде Димаш жұбату бәсекесіне қатыспай, екі кезеңнен тұратын финалға жолдама алды .