Интернетті шулатқан анаконда Катонқарағайда бар ма

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде тараған Катонқарағайдан анаконданың табылғандығы туралы ақпарат шығысқазақстандықтарды да біршама дүрліктірді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандарымен хабарласып көрді.
None
None

Қытай мен Ресейдің шекарасына тиіп жатқан аталмыш ауданның ең түкпіріндегі «Аршаты ауылынан анаконда табылды» деген мәлімет алдымен «WhatsАрp» арқылы тарады. Көп ұзамай барлық әлеуметтік желіде талқылана бастады. Барыс-келісі күрделі, ұялы байланысы әлсіз елді мекен Бұқтырма су қоймасының жағасында жатыр. Алып жылан осы Бұқтырманың мұзына кептеліп қалған-мыс.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Азамат Мүбәраков Бұқтырманың ағысы қатты болғандықтан, онда су жыландары кездеспейтінін айтады.

«Бізде алып жыландар мүлде кездеспейді. Ең көп тарағандарының тұрқы 35-40 сантиметр келеді. Ең ұзындары 80 сантиметрге жетеді. Суреттегі жылан Белқарағай, Шыңғыстай, Аршаты ауылдарынан табылыпты деген хабар желдей ескенімен, оған сенген ешкім жоқ. Мүлде қисынға келмейді» - дейді жануартанушы маман.

Көзі қарақты интернет пайдаланушылар суреттегі табиғат көрінісі де Катонқарағай ауданының табиғатына мүлдем ұқсамайтынын аңғаруда.


Фото әлеуметтік желілерден алынды

Соңғы жаңалықтар