Интервенция — уақытша шешім бе: сарапшылар не дейді
АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі айда ұлттық валюта долларға шаққанда құнсызданып кетті. Кей қаржыгер бағамды тұрақтандыру үшін Ұлттық банктен нарыққа араласып, интервенция жасауын сұраған. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «интервенция көмектеспейді» деп тұжырым айтты. Алайда доллар бағамы 550 теңгеге жеткенде ірі ойыншы валюта саудасына шұғыл араласа бастағаны мәлім болды. Сонымен, валюта нарығына қандай факторлар кері әсер етіп жатыр, интервенция жасауға не түрткі?

«Жасыл қағаз» бас бермей барады
Доллар бағасы биржада 550 теңгеге жеткен тұста аяқ асты бір құбылыс байқалды. 30 шілдеде сағат 15:00–ге дейін биржада 392 млрд доллар сатылды, яғни нарыққа ірі ойыншы араласқан. Көп ұзамай Ұлттық банк интервенция жасауды бастағанын мәлімдеді. Соның арқасында «жасыл қағаз» құны 543,52 теңгеге түсті.
Бұған дейін доллардың теңгеге шаққандағы ең төменгі бағамы 11 шілдеде байқалған еді — 518,34 теңге. Ал ең жоғары бағам 26 шілде күні тіркеліп, 544,87 теңгеге бір-ақ көтерілді. Орташа есеппен шілдедегі орташа бағамды 526-529 теңге деп қорытындылауға болатын.
Біз осы тұста Ұлттық банктің деректерін негізге алдық. Әрине, Қазақстан қор биржасының мәліметтерімен салыстырғанда азғантай айырмашылық бар. Биржадағы бағам сауда-саттық нәтижелеріне негізделеді, сұраныс пен ұсынысқа байланысты құбылып тұрады. Ал Ұлттық банк ұсынатын ресми бағам алдағы сауда күніне ресми бағыт сілтеу ретінде жарияланады.
Алайда екі бағамда бір-біріне сәйкеспейтін үлкен айырмашылықтар жоқ. Мәселен, Қазақстан қор биржасы ең төменгі бағамды 2 шілдеде 518,50 теңге деп көрсетсе, ең жоғарысын 25 шілдеде (545,30 теңге) тіркеген.
Бұл тұста айта кетер маңызды дүние — «жасыл қағаздың» құны кейінгі жылдары ырық бермей барады. Әлемдегі ықпалды валютаның теңгеге шаққандағы құны онжылдық аралығында 3 есеге жуық қымбаттаған.

Инфляция үдеуі мүмкін
Экономист Бекнұр Қисықовтың сөзінше, доллар бағамының өсуі — сыртқы және ішкі факторларға байланысты қалыптасқан жағдай. Біріншіден, қазір әлемдік нарықта доллар индексі онсыз да нығайып жатыр. Себебі, АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені әлі де жоғары деңгейде ұстайды деген болжам бар.
— Екіншіден, мұнай бағасының барреліне 80 доллардан төмендеуі және Қазақстанның экспорттық түсімдерінің азаюы төлем балансына қысым жасап отыр.
Ал ішкі жағдайды қарасақ, ақша массасының артуы, әсіресе бюджеттік шығындар арқылы байқалды. Нарықтағы валюта ұсынысы азайды. Халықтың теңгемен алған табысы долларға айналдырылып, қосымша сұраныс туындатты. Мұның бәрі валюта бағамына қысым түсіреді, — дейді сарапшы.

Осы жағдайларға қарамастан экономист қазір интервенция жүйелі мәселелерді шешпейтінін айтты. Егер Ұлттық банк теңгеге қысымның себептерін жоймай тұрып, алтын-валюта резервтерін жұмсай берсе, біраз уақыттан кейін резервтер босқа кетеді.
Бекнұр Қисықов қазір вербалды интервенция, яғни нарықпен ашық әрі нақты коммуникация арқылы инфляцияны тежеу мен экспортты қолдау бағытындағы шаралар әлдеқайда тиімді болатынын алға тартты.
— Теңгенің әлсіреуі дәстүрлі түрде бағаның өсуіне әкеледі. Әсіресе, импорттық тауарлар, техника, дәрі-дәрмек пен жанармай қымбаттайды. Бұл өз кезегінде инфляциялық қысымды күшейтеді, ал инфляция қазірдің өзінде жоғары. Доллар сатып алып жатқан халық теңгенің құнсыздануынан қорғануға тырысып жатыр. Алайда бұл құбылыс жаппай сипат алса, девальвацияны тереңдетіп жібереді, — дейді экономист.
Осы ойларын айта келе сарапшы Үкімет пен Ұлттық банк бірнеше бағытта жұмыс істеу керегін жеткізді. Олар: болжамды әрі ұстамды бюджеттік саясат жүргізу; бюджет шығындарының күрт өсуінен сақ болу; экономиканы құрылымдық реформалауды жалғастыру; экспортты және импортты алмастыру саясатын дамыту.
Сонымен қатар Бекнұр Қисықов мұндай жағдайда Ұлттық банктің ашық әрі шұғыл ақпарат таратып отыруы да нарықтағы дүрбелеңнің алдын алуға сеп болатынын ескертті.
Теңгеге қысым көбейді
Қазақстанның сауда балансы бұзылып тұрғаны да мәселені күрделендірді. Мысалы, 2025 жылдың бес айында Қазақстан шетелге 29,8 млрд доллардың тауарын сатты. Бұл — 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 млрд долларға аз. Елдің экспорттан түсетін табысы 9,2 пайызға қысқарған.
Кейінгі 5 жылда Қазақстан экспортының 65-67 пайызын шикізат құрап келді. Бірақ биылдан бастап бұл көрсеткіш 56,9 пайызға дейін төмендеген. Бұл — бір жағынан жақсы жаңалық. Алайда сол азайған үлесті өңделген, дайын өнімдер толықтыра алмай отыр.
Экспорт азайып жатқан тұста импорт керісінше өсе бастады. 2025 жылдың қаңтар–мамырында импорт 2 пайызға артып, 23,3 млрд доллардан 23,7 млрд долларға жеткен. Ал импорттың басым бөлігі доллармен есептеледі, бұл валюта нарығындағы сұранысты күрт арттырып, теңгеге қысым түсіріп отыр.
Теңге осылай қысымға түскен тұста интервенцияның уақытша амал болатынын экономист Бауыржан Ысқақов та айтып отыр. Тіпті кейде тиімділігін де бермейді.

— Қазір интервенция жасауға негіз бар делік. Өйткені нарықта дүрбелең жайлады, сыртқы факторлар әсерінен девальвация үдейтін болса, интервенцияның қажеттілігі болады. Қазіргі теңгенің құнсыздануы ішкі құрылымдық мәселелер мен сыртқы сауданың теңгерімсіздігіне байланысты. Сондықтан Ұлттық банк интервенция жасаған күннің өзінде әсері уақытша болмақ. Негізгі себептері жойылмаған соң аз уақыттан кейін теңге қайта құнсыздана бастайды. Бұған қоса интервенцияны жиі қолдана берсек, Ұлттық қордағы активтер азаяды, — деді ол.
Былтыр қарашада да теңге бағамы теңселіп, 530 теңгеге жеткені есте. Сол тұста Ұлттық банк 16 қарашадан бастап желтоқсанның басына дейін 1 млрд долларға интервенция жасаған еді. Міне, сол кездегі ақша да Ұлттық қор есебінен алынған болатын.
Ақша массасының артуы да теңгенің құнсыздану процесін соза бермек. Себебі нарықта теңге көп, бірақ соған сай тауар өндірісі жоқ. Бұл — инфляцияны үдетіп, теңгенің сатып алу мүмкіндігін төмендетеді. Импорт артып, экспорттың кемуі де валюта балансының теріске кеткенін білдіреді.
— Халық пен бизнестің долларға сұранысы да теңгеге сенімсіздікті көрсетіп, қысымды арттырып отыр. Егер құрылымдық реформалар атқарылмаса теңгенің әлсіреуі жалғаса береді. Бұның бәрі экономикалық модельдің импортқа тәуелділігін, экспорттық сектордың әлсіздігін, инфляциямен күрес және монетарлық саясаттың жеткіліксіздігін аңғартады. Сондықтан осы мәселелерді ескеріп, ендігі қадам теңгенің шынайы бағамын қорғауға бағытталуы керек деп ойлаймын, — деп түйіндеді Бауыржан Ысқақов.
Бұған дейін хабарланғандай, 30 шілдедегі сауда-саттық барысында теңге бағамы АҚШ доллары үшін 550 теңгеге дейін жетіп, ай басынан бері 5,8%-ға, ал жыл басынан бері 4,7%-ға әлсіреді.