Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі: АҚШ пен Орталық Азия елдері көшбасшылары кездесті

Президент Казахстана и Президент США
Фото: t.me/aqorda_resmi

БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында АҚШ Президенті Джо Байден «С5+1» форматында алғаш рет Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақ үйге сілтеме жасап.

 

Мемлекет басшылары қауіпсіздік, сауда және инвестиция, өңірлік байланыстар, сондай-ақ барлық елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігі сияқты бірқатар мәселені талқылады.

Президент Джо Байден әріптестерінің АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы байланыстарды «С5+1» аясында одан әрі нығайту бойынша пікірлерін тыңдап, қарым-қатынастарды ілгерілету ұсыныстарына қолдау білдірді.

«C5+1» шеңберінде қатым-қатынасты дамыту

Атлантикалық кеңес Еуразиялық орталығының ғылыми қызметкері Марк Темницки атап өткендей, Нью-Йорктегі отырыс АҚШ Президенті Джо Байден мен Орталық Азиядағы 5 елдің басшылары арасындағы диалогті жалғастыруға мүмкіндік беретін «С5+1» форматының маңыздылығын көрсетті.

«Джо Байден мен Орталық Азиядағы 5 елдің президенттері арасындағы отырыс негізінен символдық сипатта өтті. Дегенмен, бұл тараптардың диалогті жалғастыруға ұмтылысын қуаттайтын «С5+1» форматының маңыздылығын айқындады. Аталған басқосу АҚШ Президентінің Орталық Азия елдерінің көшбасшыларымен алғашқы кездесуі болды. Ол Америка Құрама Штаттарының «С5+1» дипломатиялық платформасына деген ерекше ұстанымын білдіреді», - дейді Марк Темницки.

Сарапшы кездесу уақытының шектеулі болуына байланысты қатысушылар басқа да өзекті мәселелерді талқылай алмағанын атап өтті. Алайда, бұл кездесу форматы келешекте жұмысты барынша нәтижелі етуге бағытталған.

АҚШ пен Орталық Азия арасындағы диалогті жалғастыру қауіпсіздік және экономикалық саладағы байланыстарды нығайтуға ықпал етпек.

Осы орайда, сарапшы биыл Орталық Азия басшыларымен кездескен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің: «Қазірдің өзінде сан салада жұмыс топтары құрылды, бұл АҚШ-тың аймақ елдеріне көмектесуге деген ұмтылысына ықпал етеді», - деген мәлімдемесін еске салды.

Марк Темницкидің пікірінше, «C5+1» форматындағы кездесулерден кейін жағдайдың қалай дамитынын кесіп айту әлі ерте.

АҚШ басшысы әріптестеріне аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешудегі серіктестігі үшін алғысын білдіріп, шекара қауіпсіздігі, терроризмге қарсы күрес және құқықтық мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Джо Байден қолайлы бизнес орта қалыптастыру арқылы америкалық компанияларды ОА-ға тарту бастамасын да талқылады. Сондай-ақ, USAID қазан айында «C5+1» форматындағы Министрлер кеңесін ұйымдастырып, тұрақты экономикалық дамуға ықпал ететін нақты іс-қимылдарды талқылауға шақырды.

АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған стратегиясы

АҚШ Президенті Джо Байден «С5+1» елдері болашақта энергетикалық ресурстарды игеру және тауар тасымалының тың бағыттарын құру үшін ынтымақтасуы керек екенін атап өтті. Ол үшін «С5+1» форматында диалог бастауды ұсынды. Бұл – АҚШ-тың Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне инвестиция салу жұмыстарының жалғасы болары анық. Сондай-ақ, Ақ үй басшысы азаматтық қоғамды және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі қызметті одан әрі қолдау қажеттігіне тоқталды.

Аймаққа және елдер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған АҚШ стратегиясы оң бағаға лайық. Бұл пікірді Питтсбург университетінің қоғамдық және халықаралық қатынастар жоғары мектебінің профессоры Дженнифер Муртазашвили білдірді.

Сарапшы бұл АҚШ Президенті Джо Байден мен Орталық Азиядағы 5 мемлекет басшыларының алғашқы маңызды кездесуі болды деп санайды.

«АҚШ-тың аймаққа және оның елдері арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған стратегиясына оң баға беруге болады. Өйткені, көптеген жылдар бұрын АҚШ-тың Орталық Азиядағы мүддесі Ауғанстан мен басқа да дағдарысқа бағытталып келді», - деп мәлім етті Дженнифер Муртазашвили.

Бұған қоса, сарапшы күн тәртібіне адам құқықтары мен қауіпсіздік саласындағы серіктестіктен басқа экономикалық және өңірлік ынтымақтастық мәселелерін енгізу орынды екенін айтты.

«Мұндай интеграция Орталық Азияны нығайтады, сондай-ақ америкалық компаниялар мен фирмаларға ОА-да бизнес жүргізуді жеңілдетеді. Сонымен қатар, АҚШ тарапынан болатын инвестиция ағынын арттыруы мүмкін», - деп қорытындылады сарапшы.

Дженнифер Муртазашвили АҚШ-тың Орталық Азиядан алыс екенін естен шығармау керектігіне тоқталды. Тиісінше, бұл өңірдегі мемлекеттердің Ресей және Қытаймен арадағы экономикалық және қауіпсіздік саласындағы байланыстары берік.

Соңғы жаңалықтар