Ынтымақтастықтың жаңа үлгісі: сарапшылар «Орталық Азия–Қытай» саммитін қалай бағалайды
АСТАНА. KAZINFORM - Елордада әдеттегідей халықаралық қауымдастықтың назарын аударатын тағы бір үлкен басқосу өтпек. 17 маусымда Орталық Азия елдерінің мемлекет басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті болады. Жиын қарсаңында Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке зер салып, қазақ-қытай қарым-қатынасының болашағы туралы сарапшылардың пікірін сұрады.

Қытайдағы Халықаралық зерттеулер қорының ғылыми қызметкері, ҚХР-дың Қазақстандағы экс-елшісі Яо Пэйшэннің айтуынша, екіжақты қатынастардың мәртебесі 2019 жылдан бастап мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық байланыс тарихында жаңа кезең басталды.
– Сауда, энергетика және инфрақұрылым сияқты дәстүрлі салалардан бөлек, кейінгі жылдары тараптар цифрлық экономиканы дамыту, «жасыл» индустрияны жаңғырту және жоғары технологиялық салалардағы ғылыми-техникалық инновациялар алмасу бағытында ынтымақтастықты күшейтті, – деді ол.
Сарапшы 2013 жылы Қазақстанда Жібек жолының Экономикалық белдеуін бірлесіп құру тұжырымдамасы алғаш рет ұсынылғанын еске салды. Бұл «Бір белдеу – бір жол» бастамасының негізгі құрамдас бөлігінің бірі саналады. Соның арқасында Еуразияның логистикалық картасы түбегейлі жаңарды.
Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезден бастап, мемлекеттер өңірдегі өз ықпалын көрсете бастаған. Халықаралық қауымдастық екі ел әріптестігінің тиімді болғанын мойындап, жоғары бағалап келеді.
– «Орталық Азия – Қытай» механизмі ынтымақтастықтың жаңа үлгісі болып саналады, бұл формат халықаралық қауымдастыққа өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты дамуды көрсетіп отыр. Осы жолы да саммитте көптеген нәтижелі істерге қол жетіп, әлем назарын аударады деп сенемін, – деп атап өтті ол.

Тағы бір сарапшы – Қытайдың Сауда министрлігі жанындағы Халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық академиясының Еуразия институтының профессоры Лю Хуациньнің сөзінше, 2023 жылы өткен алғашқы «Орталық Азия – Қытай» саммитінен бастап тараптар арасындағы сауда-экономикалық байланыс жақсы нәтижеге жетті.
– 2024 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемі 94,8 млрд долларға жетіп, рекорд тіркеді. Қазақстан Қытайдың аймақтағы ең ірі сауда серіктесі ғана емес, негізгі инвестициялық бағыты, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық механизмі Қазақстан мен Қытайдың өзара экономикалық және сауда ынтымақтастығын тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер береді.
– Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша «Қытай – Еуропа» жүк пойыздарының саны тұрақты түрде артып келеді. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі рекорд орнатып, 43,82 млрд долларға жетті. Қазақстанға бағытталған қытайлық инвестициялар көлемі өсті. Алматы облысындағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Айцзю» қазақстан-қытай агроөнеркәсіптік паркі және «Қорғас» ХШЫО – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бөлігіне айналды, – деді спикер.

Сондай-ақ ол визасыз режим енгізілгеннен кейін, 2024 жылы Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 655 мың адамға жеткенін, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 78%-ға артқанын тілге тиек етті.
– Халықаралық деңгейде Астанада өтетін екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті үлкен маңызға ие. Осы механизм аясындағы ынтымақтастық әлемдік экономиканың дамуына жаңа серпін беріп, үлес қосады, – деп түйіндеді Лю Хуацинь.

Қытай Халық университетінің Халықаралық зерттеулер институтының профессоры Сюй Циньхуа кейінгі жылдары Қытайдың жаңа энергетикалық технологияларының дамып жатқанын айтады. Осыған байланысты Қазақстан мен Қытай арасында «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастық күшейді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Жасыл инвестициялар қағидатының (GIP) Орталық Азиядағы өңірлік кеңсесіне айналуда. Бұл орталық Қытайдың қаржы институттарымен бірлесіп, Қазақстан мен Орталық Азиядағы «жасыл» жобаларға капитал тартумен айналысады.
– Бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде жарияланған энергетикалық әріптестік қарқынды дамыды. «Жасыл» инфрақұрылым бойынша байланыс нығайып, дәстүрлі энергетикалық ынтымақтастық негізінде жаңартылатын энергия көздеріне зер салынды, – деді сарапшы.
Сиань Цзяотун университетінің құқық мектебінің профессоры София Ушурова тақырыпқа басқа қырынан қарап, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын сөз етті.
– IT, «жасыл» энергетика және логистика бағыттарында бірлескен білім беру жобалары іске қосылып жатыр. Бірқатар мамандықтар бойынша дипломдарды өзара тану жұмыстары жүргізілуде. Мәдени фестивальдар өткізіліп, ғылым мен инновация саласындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр, – деді сарапшы.

Кейінгі жылдары Қытай мен Қазақстан өңірлері арасындағы көпжақты ынтымақтастық белсенді дамыды. Шаньдун провинциясының Сауда департаментінің мәліметінше, Қазақстан Қытайдың шығыс бөлігі үшін де Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктес атанды. 2024 жылы Шаньдун мен Қазақстан арасындағы импорт-экспорт бойынша сауда көлемі 11,21 млрд юань (шамамен 1,5 млрд доллар) болған. Бұл – Шаньдун провинциясы мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың 50%-дан астамын құрайды.
Қазақстан сонымен қатар Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық ел. Қазір Шаньдун провинциясында орналасқан қытайлық компаниялар Қазақстан экономикасына шамамен 300 млн доллар инвестиция құйған.
ҚХР ШҰАР Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз биыл мамыр айында Шыңжаңда өткен «Ұлы Алтай» халықаралық конференциясында Қытай тарапы Қазақстанмен шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту, сондай-ақ Алтай таулары маңында халықаралық туристік маршрут құру бойынша ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді.
– Қытай Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің және «Қытай – Еуропа» теміржол бағытының әлеуетін кеңейтуге, өңірдегі авиациялық желіні дамыту ісіне ат салысуға дайын, – деді ол.

Қытайдың ресми статистикасына сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы тауар айналымы 161 млрд юань (шамамен 22 млрд доллар) болды.
«Орталық Азия – Қытай» саммиті ең алғаш 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің Қытаймен болашақ ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындап, бірқатар бастамалар ұсынған болатын.