Инвестиция, ақпараттандыру және индустриялық-инновациялық саясат мәселелері туралы заң жобалары қаралды

2010 жылы 7 қазанда Астанада қол қойылған Келісім сауда-экономикалық өзара қатынастарды кеңейтуге және ынталандыруға, инвестицияны көтермелеуге және қорғауға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Сербия ұлттық заңнамалар және Дүниежүзілік сауда ұйымы қағидаларының негізінде еркін сауда тәртібін орнықтырады. Тараптар инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға міндеттенеді. Инвестициялық қызметті жүзеге асыруға қажетті визалар мен рұқсаттарды беру үшін қолайлы жағдай жасалатын болады.
Сондай-ақ комитет «Ақпараттандыру туралы» заң жобасын да қарады. Құжат халықаралық стандарттарға жауап бере алатын ақпараттандырудың тиімді жүйесін енгізу мақсатында әзірленген болатын. Онда коммуникациялық инфрақұрылымның құқықтық, ұйымдастыру мен қорғаудың техникалық шаралары белгіленген. Ақпарат жүйесін, «электронды үкімет» тұғырнамасын, қызмет көрсетудің бағдарламалық өнімін аттестациялау тәртібі реттеледі.
Заң жобасының ережелері мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпарат жүйесіне талаптарды, олардың өзара іс-қимылы мен қорғалуына талаптарды бекітеді. Сонымен бірге деректердің сақталуына, резервтік көшірмесін жасау тетіктеріне, ақпараттардың кезең-кезеңімен мұрағатталуына, «электронды үкімет» құрамына енген мемлекеттік база мен деректер базасына заңсыз қол жеткізуді болдырмауға ерекше назар аударылады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Заң жобасының мақсаты заңнаманы қабылданып отырған «Ақпараттандыру туралы» заң ережелерімен сәйкес келтіру болып табылады.
Заң жобасына сәйкес, 39 заңнамалық актіге, оның ішінде 9 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәселен, Азаматтық кодекс жазбаша мәмілені электрондық нұсқада жасау мүмкіндігін қарастырады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі ақпараттандыру, электрондық құжаттардағы және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнаманың бұзылуына қатысты ережелер жетілдіріледі. Бірқатар заңдарға электронды құжат айналымы мәселелері бойынша түзетулер көзделіп отыр.
Одан басқа, комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.
Заң жобасы қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, энергия сервистік қызметтер нарығын дамыту, туризм индустриясын одан әрі жүйелі дамыту мақсатында әзірленген болатын.
Құжатпен индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері үшін инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде пайдаланылатын шикізаттар және материалдарды импорттау кезінде салықтық және кедендік преференция көзделеді. Ірі трансұлттық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі дербес кластерлік қордың (инновациялық технологиялар паркі басқару органының) өкілеттіктерін кеңейту ұсынылады. Өндірушілерге қалдықтарды жинау, сақтау, өңдеу және өнімді тұтыну құрамы жойылғаннан кейін пайда болған қалдықтарды жоюға байланысты қосымша міндеттемелер жүктеледі.
Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.