Инвестициялық климат жақсарады
![None None](/static/img/plug.webp)
Көлемді тұтыну нарығының инвестициялық тартымдылығымызды арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Онсыз да табысымыз жоқ емес. Қазақстанның соңғы 4 жылда Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы жетістіктерінің бірі - шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 21,4 млрд доллардан 28,3 млрд долларға дейін өсті. 2009 және 2012 жылдарда еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібіне салынған шетелдік инвестициялар көлемі 88 пайызға ұлғайды.
Атап айтарлығы, Еуразиялық интеграциялық бірлестікте Қазақстанның көптеген артықшылықтары бар. Біріншіден, бизнесті ашуға және жүргізуге өте қолайлы жағдай жасалған. Біздегі салық көлемі, жалпы оның тұтас заңнамасы Ресей және Беларусь бизнес қауымдастығы өкілдері үшін анағұрлым қолайлы және тартымды екені рас. Ең алдымен, бұл төленетін салықтар мен аударымдардың жалпы санының икемді жүйесінде, төлеу әдістерінде, төлеу жиілігі мен осы үдерісте жұмыс істейтін ведомстволар санында көрініс табады. Мәселен, Дүниежүзілік даму банкінің бағалауы бойынша, Қазақстан салық салу шеңберінде бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөнінен 18-ші орынды иеленеді.
Бірақ, салық саясаты еліміздегі қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыратын негізгі факторлардың бір бөлігі ғана. Қазақстан Үкіметі Кеден одағы аясында бизнестің дамуын тежейтін әкімшілік кедергілерді жою бағытында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұған Кеден одағы аумағының шекарасында кедендік бақылауды алып тастауды, бірыңғай техникалық реттеуді, санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалауды және т.б. жатқызуға болады.
Еліміздегі барынша либералды салық саясаты және тартымды инвестициялық климат бізге Кеден одағындағы басқа әріптестерімізбен салыстырғанда инвестиция тартуға көбірек мүмкіндік туғызуда. Инвестициялық қолайлылық факторы сондай-ақ Кеден одағы елдерінен капитал тартып, бірлескен өндірістер құруға жол ашты. Мәселен, ресейлік кәсіпкерлер Қазақстандағы саяси тұрақтылықты, бизнеске көрсетілген қолдауды ескере отырып, өздерінің капиталдарын әкелуде. Ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы қазақстандық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен бірлесіп, Көкшетау қаласында комбайндар құрастыратын зауыт салды. Бұл кәсіпорынның жобалық қуаты - жылына 300 комбайн шығару. Бұдан басқа да ресейлік және беларустық компаниялар Қазақстанға инвестиция салып, жұмыс істеп жатыр.
Инвестиция әкеліп жатқан басқа шетелдік компаниялар да бар. Солардың бірі - Астанада терезе бөлшектерін шығаратын немістің «Функе» компаниясы. Ол жылына 1 млн шаршы метр қуатты өнімдер шығару үшін 24 млн еуро қаражат бөлді. Қазіргі кезде компания өнімдерінің 60 пайызы Ресейге экспортталып жатыр. Сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі мен «ЕуроХим» ҚАБ-ы бірлесе отырып, Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында «Кешенді минералдық тыңайтқыштар шығаратын және фосфориттік бассейн кен орындарын игеруге арналған зауыт» инвестициялық жобасын жүзеге асыруда. Алып жобаның жалпы құны 356,5 млрд теңгені құрайды. Өндірістік қуатына келсек, жылына 1 млн тонна фосфорлық, азоттық және кешендік минералдық тыңайтқыштар шығару жоспарланған.
Әмірлан Әлімжан